Түркістанда жаңа әкімшілік іскерлік орталықтағы құрылыс қарқынды жүріп жатыр

0

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс орталығы — Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтеріп жатқан 26 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

1536 пәтерден тұратын баспаналардың 1200 пәтері (20 тұрғын үй) арендалық үйлер болса, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналар қатарында. Іргетасы осы жылдың қыркүйек айында қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) 2019 жылдың сәуір айында тапсырылады.

Ал 9 тұрғын үй (540 пәтер) келер жылдың қараша айына ел игілігіне берілмек.

Кредиттік көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында аяқталып, пайдаланылуға тапсырылады. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы да халық игілігіне тапсырылды.

Сондай-ақ, 900 орындық мектептің есігін жаңа оқу жылына дейін ашу жоспарлануда.

Жаңа облыс орталығы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік аймағында қазір жаңа әкімшілік ғимараты, басқармалар және департаменттер үйлері, сондай-ақ, 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталып кетті.

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/