«Ұят болды»: Меруерт Түсіпбаева елорда атауын өзгертуді қолдаған депутаттарға шүйлікті

0
1458

Меруерт Түсіпбаева елорда атауын қайта өзгертуді ұсынған депутаттарға шүйлікті. Әнші «халық қалаулыларының» бұл ісіне ұят деп баға берді, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Өз басым, өзге атаумен Астананы атаған емеспін. Журналистер осы күндері қаланың атын 100 өзгертіп, құбылтқан депутаттарды дәлізден ұстап алып, сұрақтарды жаудыртуда. Сол керек. Сасқан үйрек артымен жүзер дегендей, кейбір сәл-пәл ұяты барлар жауап бере алмай күмілжіп, қашып жатыр. Кей беті қалыңдары, ұялмай-қызармай «халықтың өтініші, халықтың сұрауымен» деп ақталуда. Халыққа бәрібір сияқты. Негізі ұят болды. Олар үшін ұялып отырған мен ғана ма? Жағымпаздық — қазақтың қасіреті! Бір позицияда тұрмайсыздар ма?! Елімізді кімге сеніп тапсырдық?» — деп ашынды Түсіпбаева.

Айта кетейік, парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдірген. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді. Көп ұзамай Конституциялық кеңес Тоқаевтың ұсынысы бойынша шешім қабылдады. Кеше бұл ұсынысты ономастика комиссиясы қолдады. 15 қыркүйекте мәслихат Нұр-Сұлтанның атауын Астана деп өзгерту мәселесін қарайды.