Әнші Бақыт Тұрман әлеуметтік желіде психолог әрі коуч Айнұр Бектұрғанның қызметіне қатысты пікір білдіріп, оның зергерлік бұйымдарды жарнамалау тәсілін сынға алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Айнұр Бектұрған бұған дейін әлеуметтік желіде тегін пайдалы кеңестер беріп жүрген маман ретінде жақсы әсер қалдырған. Алайда кейін ақылы тренингтер өткізіп, енді зергерлік бұйымдарды ерекше сипаттап сатуға кіріскені оның көңілінен шықпаған.
Бақыт Тұрман коучтың «бір сотуарға бүкіл аналардың махаббатын сыйғыздық» деген мазмұндағы жарнамасын мысалға келтіріп, мұндай маркетингтік тәсілді шынайы емес деп бағалады. Оның пікірінше, бұл бұрын осыған ұқсас жарнамалар жасаған Айнұр Тұрсынбаева мен Ерке Есмаханның жолын қайталайды.
«Сізді осы уақытқа дейін тыңдап, "халықтың қалтасына қол салмай, тегін ақылын бөлісетін адам екен" деп ойлайтынмын. Кейін адамдарды түрлі әңгімелеріңізбен қызықтырып, қымбат тренингтер өткіздіңіз. Енді арзан әшекейлерді ерекше мағына беріп, қымбатқа ұсынуыңыз дұрыс емес деп есептеймін», – деді әнші.
Ол мұндай әрекеттерді «жалған үміт сатумен» теңестіріп, қарапайым халықтың сенімін табыс көзіне айналдыруға болмайтынын айтты.
«Сырт көзге жағдайыңыз жақсы адам сияқтысыз. Егер адамдарға айтар ақылыңыз, берер біліміңіз болса, оны Алланың разылығы үшін де бөлісуге болады ғой», – деп пікір білдірді Бақыт Тұрман.
Сонымен қатар әнші көпшілікті әлеуметтік желідегі түрлі жарнама мен уәдеге сын көзбен қарап, оңай жолмен табыс табуға үндейтін немесе ерекше қасиет телінген өнімдерді сатып алмас бұрын мұқият ойлануға шақырды.
