Әлеуметтік желіде неке қию рәсімі кезінде болған күтпеген жағдайдың видеосы қызу талқыға түсті. Кадрларда қалыңдықтың мәһрге қымбат көлік сұрағанынан кейін күйеу жігіттің орнынан тұрып, бөлмеден шығып кеткені көрінеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Бейнежазбада имам жас жұбайларға мәһрдің мәнін түсіндіріп, оның шариғат бойынша ең төменгі мөлшері 4,25 грамм алтынға тең екенін айтады. Бұл шамамен 150 мың теңге көлеміндегі қаражат.
Осы сәтте қалыңдық сөзге араласып, мәһрге Changan маркалы автокөлік алғысы келетінін жеткізген.
"Маған мәһрге Changan көлігі керек", – дейді ол.
Қалыңдықтың талабын естіген күйеу жігіт ешқандай түсініктеме берместен орнынан тұрып, рәсім өтіп жатқан бөлмеден шығып кеткен. Оның бұл әрекеті қалыңдық пен жиналған жұртты таңғалдырған.
Оқиға желі қолданушыларының арасында түрлі пікір туғызды. Бірі қалыңдықтың талабын шамадан тыс деп бағаласа, енді бірі күйеу жігіттің үнсіз кетіп қалуын жауапкершіліктен жалтару деп сынады.
Әзірге видеодағы оқиғаның нақты қай жерде және қашан болғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Сондай-ақ кадрлардың шынайылығы мен жағдайдың толық мән-жайы да анықталмаған.