Италияның оңтүстігінде белгілі спорт журналисі Лука Луиджи Эспозито қаза тапты. Оның өртенген денесі Салерно провинциясындағы Чиоффи елді мекеніне жақын орналасқан ауыл шаруашылығы алқабынан табылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 53 жастағы журналистке оқ атылған, кейін оның денесі өртелген болуы мүмкін.
Журналистің кім екені көлігі арқылы анықталды
Марқұмның жеке басы оқиға орнында қалған автокөлігі арқылы анықталған. Қазір қылмыстық істі Салерно прокуратурасы тергеп жатыр.
Журналистің өліміне не себеп болғаны және қылмысты кім жасағаны әзірге белгісіз. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Лука Эспозито кім болған?
Лука Эспозито штаттан тыс спорт журналисі ретінде еңбек еткен. Ол La Città di Salerno газетімен және Otto Channel телеарнасымен әріптестік орнатқан.
Сонымен қатар журналист Tuttosalernitana.com спорт сайтының бас редакторы қызметін атқарған. Оның қазасы Италияның журналистика қауымдастығында үлкен резонанс туғызды.