«У ішіп отырмыз» – өзен үстіне демалыс орнын салған кәсіпкерлерге ашулы тұрғындар жолды жапты
Бірақ сол Біркөлік өзеніне 120 демалыс орталығының қоқысы мен нәжісі төгіледі. Одан қалса, әр кәсіпкер өзен суымен бассейн толтырады. Сондықтан тұрғындарға су там-тұмдап жетеді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Кәсіпкерлерге әлі жетпейтін шенеуніктерге күйінген тұрғындар демалыс аймағына баратын жалғыз жолды жауып тастады. Төлеби ауданындағы бір ғана Біркөлік шатқалында 120 демалыс аймағы бар. Тұмса табиғатқа қызығатын туристерді көптеп тарту үшін кәсіпкерлер демалыс орындарын өзен үстіне салып тастаған. Келушілердің көптігінен мөлдір бұлақ пен өзендер ластанған.
Тіпті өзеннің арнасы қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Таудан бастау алатын Біркөлік өзені төмендегі ауылдарға жетемін дегенше, ондаған демалыс аймағынан ағып өтеді. Бірақ демалушылардың дені қоқыс пен қалдық тастап, соның кесірінен Біркөлік өзені қазір қоқысханаға айналған. Су тұтынуы тиіс тұрғындар су емес, у ішіп отыр. Өзеннен су ішетін Екпінді, Қорған мен Қосағаш ауылының тұрғындары жекеменшікке өтіп кеткен бес жылда демалыс орындарының иелері білгенін істеп отыр дейді. Тіпті бассейндері мен әжетхана суын да өзенге ағызады екен.
Төлеби ауданының тұрғыны Ғалымжан Зәйтенов: «Ішеді… Білгенін істеп отыр. Одан кейін сол суды біз ауылда ішеміз. Өзен жағасында білгенін істеп жатыр. Қазір құрылыс салып жатыр. Өзеннен 35 метр деп қояды, Үш жарым сантиметрден бастап салып жатыр. Өзеннің үстіне қойып, ағаштың бәрін отап тастаған», – дейді.
«Зәр ішіп, зәрезап болдық» дегендер демалыс аймағына апарар жалғыз жолдың бойындағы Екпінді ауылына жиналды.
Ашуға булыққандар кезекті мәрте аудан әкімін шақырған. Шенеунік келген жоқ. Сондықтан бір нәтиже шықпайынша, қайтпаймыз деген тұрғындар жолды кес-кестеді. Демалыс орнына ағылғандар арлы-берлі өте алмай, жол бойында ұзақ-сонар кептеліс болды.
Ашулы топ жалғыз жолды 40 минуттай жауып тастады. Кептеліске тап болған атқамінерлер дүрліккендерге көлікпен жете алмай, ақыры жаяу келді. Шенеуніктердің айтуынша, тұмса табиғатты демалыс орындары ойрандап жатқаны рас. Оларға тіпті ескерту де жасадық дейді. Алайда өзенді ластап жатқанынан бейхабар екен.
Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев: «Өзенді ластау дерегі бойынша жұмыс істейміз. Сіздерден енді ғана естіп отырмыз. Мұндай мәселе бізге айтылмады. Демалыс орындарының иелерімен жұмыс істейміз. Пайдаланылған су, шайындыны өзенге ағызу фактісін анықтайтын болсақ, онда құзырлы органдар бар», – деді.
Әкімқаралар бүгіннен бастап демалыс аймақтарындағы бассейнге келіп жатқан үлкен су құбырларын кесеміз дейді. Үш аптада бетімен кеткен кәсіпкерлерді ретке келтіреміз деп ант-су ішті.
Шенеуніктер жеткен соң, қоқыс толы аймақтар қалдықтан тазартылып, қозғалыс жанданды. Жұрт басшылар айтқан уәде бұл жолы да орындалмаса, жолды жаппақ түгілі, көлік өтпейтіндей етіп бетондап тастамақ.