Түркістандағы 4 баланың өлімі: қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

0

Жеке тұрғын үйден табылған әйел мен төрт баласы иіс тиіп қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде 5 адам — 1980 жылы туған әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу мақсатында Шымкент қаласына кеткен», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Өңір басшысы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.

«Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Төтенше жағдайлар департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.

Бес адамның мәйіті табылған үйдегі газбен жылыту жабдығы

Айта кетсек, бүгін сағат кешкі алтылар шамасында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне «103» қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.