Түркияда жасөспірім қыз жаңа туған сәбиін пакетке салып, қоқыс жәшігіне тастағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz Oda TV телеарнасына сілтеме жасап.
Жаңа туған нәресте 2023 жылдың қараша айында Түркияның солтүстігіндегі Кастамону провинциясында табылған. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында сәби аман қалған. Полиция жүргізген тергеу барысында баланың анасының кім екені анықталып, ол 17 жастағы жасөспірім Жансу Ч. екені белгілі болды. Күдікті бірден қолға алынды.
Алайда 2025 жылдың мамыр айында Кастамону соты қызды қамаудан босату туралы шешім қабылдаған. Жансу өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып, соттан өзін ақтауды сұраған. Ал прокуратура керісінше, оны сәбиді қасақана өлтіруге оқталғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.
Нәтижесінде сот күдіктіні қайтадан қамауға алды. Іс бойынша келесі сот отырысының нақты уақыты әзірге белгіленбеген.
Қазіргі таңда аман қалған сәби асырап алған отбасының тәрбиесінде.