Туған шешем мен өгей әкем екі баламды жетімдер үйіне өткізіп жіберді: Қазақ әйелі 24 жылдан бері екі баласын іздейді

0

Көзі тірісінде көз жазып қалған Бақытгүл Көпірбаева қос перзентінің қайда жүргенін білмейді. Тағдырдың тәлкегімен бауыр еті балаларынан айырылған ананың бар арманы құлыншақтарын құшағына қысу, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Пендеміз ғой» бағдарламасына сілтеме жасап.

Тоғыз ай құрсағында көтерген балаларын 20 жылдан артық іздеген ана Бақытгүл Көпірбаева көмек сұрайды. Айтуынша, туған анасы мен өгей әкесі екі баласын жетімдер үйіне өткізіп жіберген.

Шарасыз ананың бармаған жері баспаған тауы жоқ. Бүгінге дейін балалары туралы еш ақпарат таба алмай отыр.

«Менің еш кінәм жоқ. Мен тек сендерді қорғап қала алмадым. Балаларымды 24 жыл іздеп келем. Диана, маған оралыңдаршы», — деп жылады ана.

Бұл мұңды анасы да, өгей әкесі де, тіпті жолдасы да баса алмайды. Сенімнен шыға алмаған ол өз анасын ешқашан кешірмеймін дейді.

«Мен анамды кешіре алмаймын. Менің балаларым — менің өмірім ғой. Мен біреуге беру үшін туған жоқпын», — деп жылады Бақытгүл ана.

Бақытгүл ананың айтуынша, Данияр, Диана есімді қызы мен ұлын өзінің туған шешесі жетімдер үйіне өткізген. Содан бері екі баласын таба алмай келеді.

«17 жасымда тұрмысқа шықтым. Ұлымды әкесі мойындамады. Перзентханадан соң екі айлық баламды туыстарымның үйіне апардым. Жұмыс істеп, пәтер тауып алайын дедім. Сол кезде анам алып кетіпті. Жетімдер үйіне өткізіп тастаған. Содан бері көрмедім. Анам бәрін менімен ерегесіп істеп жүр», — деді ол.

«Туған шешем мен өгей әкемнен көрмеген қорлығым жоқ. Маған күн көрсетпеді. Өгей әкем мені 13 жасымда зорламақ болды. Шешем менің сөзімді тыңдаған жоқ. Керісінше мені ауырады деп шықты. Күйеуінен айырылғысы келмей, оны қорғап қалды. Содан мені ауруханаға жатқызып, ақша беріп, ауру адам деп таныстырады. Менің есім дұрыс. Анықтамам бар. Екі баламның құжаты да бар. Туған шешем мені жек көреді», — деді Бақытгүл ана.

Бақытгүл шешейдің айтуынша, ұлын босанған соң өзі далада қаңғырып қалған. Жолдасы өзі мен ұлын қабылдамаған екен. Екі айлық баланы туысына беріп, одан көз жазып қалған.

«Қызымды да құрбымның үйіне тастап кеттім. Жұмыс, пәтер тауып алайын деп ойладым. Көршілері мені баласын сатып кетті деп ойлапты. Полицияға хабарлаған. Анам мен күйеуі полицияда жұмыс істейтін. Қызымды алып кетіп, тағы жетімдер үйіне өткізіп тастады», — дейді шарасыз ана.

Әке-шешесінен айырылғанды жетім дейді, жұбайынан айырылғанды жесір дейді. Ал баласынан айырылған адамға айтылар сөз жоқ екен. Атамайлатсаң да, ботамайлатпа дейді қазақ.

Үйсіз-күйсіз балаларды құқық қорғау органдары өз қамқорына аламын десе, амал жоқ. Дегенмен Бақытгүл ана екі баласын бір көрсем деп армандайды.

«Мен балаларымды асырап алайын деп отырған жоқпын. Асырап алған ата-анасынан тартып алайын деп отырған жоқпын. Тек араласқым келеді. Бір көрсем деймін. Жүрегім ауырады. Жақында ота жасатамын. Соның алдында балаларымды көргім келген. Дильназымды табыстырғым келген. Мен отадан соң жақсы боламын ба, жаман боламын ба білмеймін», — деді Бақытгүл Көпірбаева.