«Тігінші боламын деп ойлаған жоқпын»: Қатардағы капитан мүгедек күйге түскен соң орамал тігіп күн көріп отыр

0

Қарапайым қызылша, яғни «желшешек» ауруы апталдай азаматты аяғынан айырды дегенге сенесіз бе? Елордалық Аслан Ысқақовтың қызы балабақшадан жұқтырып келген қызылша ауруы өзіне жұғып, аяғынан айырылды.

Дәрігерлердің айтуынша, әлемде мұндай ауруға душар болған небәрі 20 шақты ғана науқас бар екен. Әлі толық зерттелмеген, емі де табылмаған. «Еуразия» бірінші арнасының «Пендеміз ғой» жобасының кейіпкері өз оқиғасымен бөлісті.

Төрт мүшесі түгел, дені сау, апталдай азамат Аслан Ысқақов бала күнінен әскерге баруды, Отан қорғаушылар қатарында қызмет етуді армандайды. Дене шынықтыру сабағында үнемі қатарласының алды болып, спортпен айналысады. Денсаулығында кінәрәт болмағандықтан, еш қиындықсыз әскерге алынып, кейін осы салада қызметке орналасады. Бала күнгі арманы орындалып, сүйіктісімен шаңырақ көтеріп, екі қызды тәрбиелеп отырғанда тағдыр сынағына ілігеді.

«Үлкен қызым 4 жаста еді. Бір күні балабақшадан қызуы көтеріліп, денесін қызыл бөртпе басып келді. Кейін тәрбиешісі айтқандай топта бірнеше бала «желшешек» бөртпесімен ауырған екен. Біздің қызға солардан жұққан болуы мүмкін деді. Бірден дәрігерге бардық, алайда қорқатын ештеңе де жоқ екенін айтып, тек үй жағдайында 21 күн карантинде болуымыз керектігі түсіндірілді. Бұл бөртпе барлық балаларда болатындығын өзім де білетін едім. Араға бір апта салып жолдасым жұмыстан ауырып келді. Қарасам денесін қызыл бөртпе басып кетіпті.

Бірден әскери емханаға бардық. Ол жерде қыздардан қызылша бөртпесі жұққандығы анықталды. Бұл ауру ересек адамдарда ауырлау өтетіндігі де түсіндіріліп жатты. Дегенмен, Асланның жағдайы ауырлай берді. Емі тым ұзаққа созылып кетті. 6 ай госпитальда жатты. Содан бір күні жағдайы тым нашарлап, жан сақтау бөліміне түсіп қалды. Сол күннен бастап аяқтарын, белден төмен қарай сезбей қалды», – деді Асланның жары Жансая Смағұлова.

Отызында орда бұзар кезінде төсек тартып жатып қалғанымен Аслан өмірден түңілмеді. Әскери қатал тәртіпке үйренген ол қазір тігіншілікті меңгеріп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Мен ер азамат болғандықтан тігінші боламын деп еш ойламағанмын. Бала күнімде анамның тігін тігіп жатқандығын көретінмін. Енді қараңызшы әлемде 8,6 млрд адам болса, мендегідей ауруға шалдыққаны 20 шақты кісі. Осылай болды екен деп, қалай төсек тартып жата берем? Ауру болғаныммен отбасының ер азаматы деген жауапкершіліктен ешкім мені босатқан жоқ қой. Отбасымды қандай кәсіппен болса да асырауым керек деп шештім. Күніне 5-6 орамал, 2-3 халат тіге аламын. Тапсырыстар да жетеді. Жұбайым жеткізіп беру қызметімен айналысады. Бұған да шүкір”, – деді Аслан Ысқақов.

Миллионнан бір адамда кездесетін бұл сирек аурумен ауырып, араға жылдар салып, қайта аяғына тік тұрған әзіре жалғыз жан америкалық Арлен есімді қыз. Ол 10 жыл төсек тартып, үміті үзілер шақта таңғажайып жағдаймен аяғына тік тұрады. Бұл жағдайға әзірге дәрігерлер де ғалымдар да жауап іздестіруде. Бүгінде Арлен төсек тартып жатқан жылдарын ұмытып, бақытты өмір кешуде. Асланды қанаттандыратын да, болашағына үміт сыйлайтын да әзірге осы қыздың оқиғасы болып тұр.

Әзірге «запастағы» Капитан күндердің күнінде аяғынан тік тұрып, әскери киімін киіп, «қатардағы» жауынгерлер қатарына қосылып, Отан қорғаушылар қатарына қайта оралуды армандайды.