Қызылордалықтар литрін 10 теңгеден лай суды сатып ішіп отыр
Ауыз судан әкім де дәм татсын! Қызылордаға қарасты Сабалақ саяжайының тұрғындары қала басшысына осындай үндеу тастады. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен 2019 жылы қаланың бас жоспарына енгізілген болатын. Тұрғындар осыдан кейін жағдайымыз жақсарады деп сенген еді. Алайда содан бері 2 жыл өтсе де түйткіл шешілер емес. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Саяжай тұрғындары әкімдіктен келген шенділерді осылай қарсы алды. 2019 жылы құбыр тартылып, жақын арада таза ауыз су келеді дегенді естіген тұрғындардың қуанышында шек болмаған. Алайда бұл қуаныш көпке созылмапты.
ГҮЛСӘНІМ АУКЕНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ: «Осы суды 16 жылдан бері ішіп келе жатырмыз. Оның алдында Шіркейлі каналынан су іштік, қыс болса қардың суын іштік. Акиматтың тірлігі 19-шы жылы басталды ғой, 3 жыл болды күткенімізге. Бұл енді басы басталды ізі аяғы көрінбейді».
ЗӘМЗӘГҮЛ ТӨЛЕНБИЕВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ: «Алаңсыз судан құрыдық. Кеше больницаға барсам айтады: сіздің суыңыз дұрыс емес, асқазаныңызға бүйрегіңізге дақ түскен, суыңызды дұрыстап алыңыз-дейді. 20 күн жатып шықтым, мына бауыр жарамайды қазір, суға не қылып қалған лай дейді ішінің барлығы».
Сабалақтағы тағы бір түйткіл ол — жол мәселесі. Асфальт түгілі қиыршық тасты көрмеген тұрғындар жүріп-тұру қиындап кеткенін айтады.
ЖАНАР НАКИПОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ:»10 күн жаттым осы жолдан құлап, позвоничнигім шықып кетіп, дискісі қисайып 10 күн травматологияда жаттым мына жолдың кесірінен. Мен анау тууу шет жағында тұрамын, жалғыз мен тұрмаймын қаншама инвалидтер бар. Қарт адамдар бар, маршрут кірмейді да бізге».
Ал, шенділер ауыз су кіргізу жұмыстары толық аяқталғанан соң ғана жол салынатынын айтады. Саяжайды таза ауыз сумен қамтуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.
ЕРЖАН ҚАЛДЫБЕКОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Оның бірінші кезеңі 2019 жылы бастау алып, республикалық бюджеттен 579 миллион қаражат бөлінді. Аталған жұмыс 2020 толықтай аяқталып бірінші кезең, 2020 жылы екінші кезеңге қаражат сұралды. Екінші кезеңге 581 миллион қаражат қаралып республикалық бюджеттен 2021 қазан айында келісім шарт бойынша аяқталуы жоспарланған болатын, алайда тұрғындарға суды беру мақсатында осы тамыз айында құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, халыққа ауыз су беру жоспарлануда».
Алайда бұл жоспарға тұрғындар сенімсіздікпен қарап отыр. Себебі 2 жылда бітпеген жұмысты бір ай ішінде толығымен аяқтау мүмкін емес дейді. Саяжайда барлығы 60-тан астам көше бар екен. Шенділердің келгенін естіп жиналған тұрғындар Қызылорда қаласының әкіміне өз сәлемделерін жеткізді.
Мына суды Қазантаев мырзаға апарып ішкіз. Гүлсәнімнен сәлемдеме деп айт, құрдасынан де. Сабыр сақтаңыз.