Қарағандыдағы кешенде ресейлік вакцина шығаруға бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді
Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру үшін Қарағанды фармацевтикалық кешенге бюджеттен 15 млрд 175 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзіне қарағанда, жалпы «Спутник V» вакцинасын өндіруге (бір бөлігі Ресейде өндіріледі) 18 млрд теңге қарастырылған. Бұрын сәл басқаша сома – 16,8 млрд теңге айтылған еді.
Цой 10 ақпанда сонымен бірге вакцина құны туралы сұраққа жауап берді.
– Алғашқы партиясы екі дозасына 26 доллардан келді. Ресей тікелей инвестиция қорынан баға мәселесі қайта қарастырылуы мүмкін екендігі жайлы хат алдық. Аталған өнімнің көптеп шығарылуына байланысты бағасы арзандауы мүмкін. Қазіргі кезде құны – 26 доллар, – деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмек тарататын бірыңғай дистрибьютор “СК-Фармация” дәл осындай бағамен Қарағанды фармацевтикалық кешеннен вакцина сатып алады.
Бұған дейін зауыт басшылығы ресейлік вакцина шығыны мен құны туралы сұраққа жауап бермеген.
Қаңтар айының соңында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов “Спутника V” вакцинасының құны қай елде шығарылмасын, бірдей болады деп айтқан. Оның айтуынша, вакцина құны партиясына қарай «20-26 доллар аралығында ауытқуы мүмкін». Ақырғы сомасы келісімге қол қойылғаннан кейін жарияланады.
Денсаулық сақтау министрі сонымен бірге Қазақстан аумағында ресейлік вакцинаны өндіру шешімінің қабылдану себептеріне тоқталды.
— Бұл вакцинаны бүкіл әлем сұрап жатыр. Сәйкесінше, Қазақстанға тексерілген вакцинаның келуі маңызды. Сол себепті бастапқыда субстанция алу туралы келісімге қол жеткіздік, себебі бізде технологиялық мүмкіндік бар. Қазақстанда биологиялық препаратты құйып, залалсыздандырып, тасымалдай алатын зауыттың болуы сәттілік. Яғни, бұл Қазақстанға қандай да бір вакцинаны жеткізудің алғашқы мүмкіндігі болды. Егер бізде басқа мүмкіндіктер болса, қарастырамыз, бірақ қазіргі кезде ұсыныстар шектеулі, – деді Цой.
Қазақстанда 1 ақпаннан бастап жаппай егіле бастаған “Спутник V” вакцинасы елде ресми түрде тіркеуден өтпеген.
Былтыр Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина — «Спутник V» және «ЭпиВакКорона» екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Тамыз айында Қазақстан мен Ресей «Спутник V» жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қараған.
2 ақпанда халықаралық Lancet журналы ресейлік вакцинаны сынақтан өткізудің үшінші кезеңінің аралық қорытындысын жариялаған. Мақалада вакцинаның тиімділігі – 91,6 пайыз деп көрсетілген.
Желтоқсан айында Қазақстанда отандық Qazcovid-IN вакцинасы сынақтың үшінші кезеңінен өте бастағаны хабарланды. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина тиімділігі 96 пайызға жетті деп мәлімдеген. 10 ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят оған 31 млрд теңге жұмсалады, 15,6 млн адамға екпе салынады деп айтқан.