«Далаға жатқанша, молаға жат дейді»: Алматыда қаңғыбастар кілем мен көрпеше іліп мазарды үй етіп жүр

0

Алматы қаласындағы мазарлар ішімдік ішіп, ұйқыны қандыратын орын болып кеткен. Ол аздай, бәзбіреулер қабірге қойылған белгілерді жұлып, темір-терсек қабылдайтын орынға апарып сататын көрінеді. Зиратқа қоларбамен кіріп-шығып жүргендер де көп дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

«Әйгерім» ықшамауданындағы зираттардың маңайындағы тұрғындардан маза кеткен. Жағдайдың ушыққаны соншалықты соңғы уақытта бұл маңда қаңғыбастар қаптап жүр дейді. Өзгенің әспеттеп қойған қоршауын жымқырып жатқандар да көбейген.

«Қақпалар жоқ, калиткалар жоқ, осы даже каменьдарды ұрлап кетеді. Ішеді мына жақта. Соңғы рет міне бір апта бұрын осы жерге келгенмін апама. 55-56 жастағы ер азамат кірді. Мені көріп есікті бірден жауып тастады. Артынан қарасам, арбамен кәдімгідей метал өткізуге баратын адам», — дейді қала тұрғыны Ұлықбек Мұхаммедов.

Кілем мен көрпеше ілінген нан мен құтыдағы заттар бұл маңда біреудің ұзақтан бері қоныстанғанының айғағы.

«Енді қайтем енді, далаға жатқанша, молаға жат дейді. Анау жерден бері келдім де қарап едім жатыр екен, осы жерге келіп жаттым», — дейді баспанасыздың бірі.

Мұндай жағдайдың барлығы ауыр күнә деген діни басқарманың өкілдері, шариғат бойынша қабірге отыруға да болмайтынын жеткізді.

«Қабірлерді басу немесе хадистерде келеді «Қабірге отырмаңдар» деген. Тіпті отырудың өзі рұқсат емес. Ол жерде тіпті спирттік ішімдіктерді ішу ол жерде тамақтанудың өзі, ол жерде күліп немесе ойнап немесе ары-бері қыдырып еш бір себепсіз жүрудің өзі сол мәйіттерге деген құрметсіздік», — дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Хасан Аманқұл.

Мұнда қарауылға штат болмағандықтан, инспектор өзі күніне бір келіп қарап өтемін дейді. Талай темір жоғалғанымен, әлі бірде біреуі табылмаған екен.

«Ұрлыққа байланысты, ұрлыққа келіп айтады қоршауымды ұрлап кетті дейді. Біз келеміз де бірден РОВД-ға звандаймыз. Келіп РОВД-дан тексеру өтеді, кетеді. Бәрін түгел через РОВД-ға береміз. Табылды деп ешкім келіп табылды деген жоқ», — дейді зират инспекторы Бақытжан Бекбатов.

Бұрын бұл жер ауылдық округке қараған. Кейіннен қалаға ауысып, жер тапшылығына байланысты жабық қорым қатарына кірген. Негізінен әзірбайжан, түрік қазақ ұлтының азаматтары жерленген. Полиция департаментіне бұл мәселе бойынша сұрау салғанымызда, 2019 жылдан бері «Әйгерім» ықшам ауданы бойынша ешқандай шағым келіп түскен жоқ деп хабарлады. Ал, тұрғындар қорымның қауіпсіздігін құзырлы орындар қолға алмаса, әруақтардың сүйегін қорлау жалғаса беретіндігіне сенімді.