Мақпал Жүнісова Республика сарайында ауқымды концерт өткізіп, көрерменін жанды дауысы мен сахнадағы сергек қимылымен тәнті етті. Алайда кеш барысында күтпеген жағдай болып, залдан шыққан азаматтың әншіге қарата айтқан пікірі жұрт талқысына түсті. Бұл сәт әлеуметтік желіде қызу таралып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Кеш барысында көрермендердің бірі сахнаға көтеріліп, әншіге жылы лебізін білдіргенімен, сөз арасында оның салмағына қатысты пікір айтып, жұртты тосылтып қойды. Ол Мақпал Жүнісоваға артық салмақтан арылса, бұрынғыдай құлпырып шығатынын жеткізіп, өз кеңесін ашық айтты.
«10 шақты келідей тастасаң, баяғы қыздай боласың. Баяғыда менің 60-жылдыққа қалай билегенімді, қалай өлең айтқанымды білесің бе? Назарбаевтан басқасының бәрінің аузы ашылып қалған. Соның барлығын қайталауға болады. Қазір уақыт сондай. Егер өзіңді қолға алсаң, өзіңді-өзің ұстау керек, тамағыңды жөндеу керек, спортпен айналысу керек, андай-мұндай сөздермен айналысу керек», – деді ол.
Мұндай сөзге тосылып қалмаған әнші бірден жауап қатып, өзінің ешкімнің алдында ақталуға міндетті емес екенін аңғартты. Сонымен қатар, ол жағдайды ауырлатпай, әзілге бұрып, сахна мәдениетін сақтай білді.
«Айқайламаңыз маған, бұйырмаңыз. 30 жыл неге келмедіңіз, қиын болғанда, маған неге ақша бермедіңіз. Сіз бай адамсыз, миллиардерсіз. Менің байға шығатын арманым жоқ, менің фигурам өзіме ұнайды. Мына кісі өзі мені алғысы келіп жүр ғой. Сіз алсаңыз да бармаймын. Аман болыңыз, үлкен басыңызды иіп, сахнаға шыққаныңызға рахмет», – деп жауап берді Мақпал Жүнісова.
Осы оқиғадан кейін желі қолданушылары екіге жарылды. Бірі әншінің тосын пікірге тапқырлықпен жауап бергенін қолдаса, енді бірі көпшілік алдында адамның жеке келбетіне қатысты сөз айту орынсыз екенін жазып жатыр.