Әміржан Қосанов: Мені біреулер өлтіріп кетпек болды
Оппозиционер, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов «Еуразия» бірінші арнасына сұхбат беріп, еш жерде айтылмаған құпияларымен бөлісті.
Саясаткер өмірде, саясатта әділетсіздікке көп кезігіп, үнемі шындық жолында шырылдап келе жатқанын айтады. Кейде осы тік мінезінен көпшілік оны түсінбей қалатын кездер жиі болатынын жеткізді. Әділдік пен әділеттіліктің жолында жүргендіктен жеке басына шабуылдар жасалып, өмірі талай рет қыл үстінде қалған. Қоғам қайраткері әйелімен үйіне барар жолда кездейсоқ көшеден қарақшылар ұстап алып, соққыға жығып өлтірмек те болыпты.
«Бір отырыстан түнделетіп келе жаттық. Үйдің қасына жақындай бергенімізде, беттеріне қара маска киген 3-4 жігіт атып шығып, екеумізді ұрып-соға бастады. Менің аяғым ауыр болатын. Ол айғайлап жатты әйеліме тимеңдер, аяғы ауыр деп. Мен айғайлап, жалынып жаттым күйеуімді өлтірмеңдерші деп… Осы кезде үстіңгі қабаттағы орыс апа оянып кетіп, милиция шақыртып аман қалдық. Сол кезде Әміржанды қан-жоса етіп сабап кетті»,-деді саясаткердің жары Роза Қосанова.
“Адамға не үшін шабуыл жасайды? Ол біреудің ала-жібін аттайды, қылмыс жасайды. Жеке басында пиғылдар болуы мүмкін. Адардармен, қоғаммен түсініспеушіліктер болу мүмкін. Қоғамдық жұмыста жүрген соң мейлінше ашық болуға тырыстым. Әйелімнің аяғы ауыр болды. Біз қорықтық. Стресс, шок. Балаға қалай әсер етеді деп ойладық. Сол кезде мен арнайы органдардың бір басшысына қоңырау шалдым. Ашумен егер баламның денсаулығына қандай да бір зиян келетін болса, сені жердің астынан болcын тауып аламын дедім. Бірақ қазір балам аман сау”, – дейді Әміржан Қосанов.
Ол оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған бірақ, шабуыл жасаған жандар сол бойы табылмаған.
Сондай-ақ, саясаткер президент сайлауы туралы да айта кетті.
“Президент сайлауынан кейін біраз әңгімелер тарап жатыр, айтылып жатыр. Қайсы ауызға қақпақ боласың. Сайлау кезінде мені тастап, сатып кеткен оппозициядағы ағайындар келіп ғайбат сөздер айтты. Мүмкін, біреуді ренжіткен шығармын. Бірақ ол байқаусызда болды”,- дейді саясаткер.
Әйгілі «Желтоқсан» оғиғасында алаңға шығып, ашық ойын білдірген көптеген студенттер кейін оқу орындарынан қудаланғаны аян. Тарихи қанды сәттен кейін қудалануға ұшыраған студенттердің біразы Әміржан Қосановты «Желтоқсан» оқиғасына тікелей қатысы бар деп есептеп, сол кездегі оқиғалар желісін баяндай келе, саясаткердің халыққа деген алғаш сатқындығы студенттік кезеңде басталған деп санайды.
«Мен мына КазГУ-ге 4 жыл өтініш беріп жүріп, емтиханды қайта-қайта тапсырып жүріп оқуға түскенмін. 1986 жылы емтиханнан өтіп, өзім армандаған оқуға түскенде қуанышым көпке жетпеді. 1986 жылдың «Желтоқсан» көтерілісіне тап болып, оқудан қудаланып тындым. КазГУ-дың журналистика факультеті бойынша оқудан нақты шығарылғандар Гүлнар Әшімбекова және мен. Себебі біз сырттай бөлімнен ауысып келген, әлі ешкімді де дұрыстап танымайтын болғандықтан, екеумізді құрбандыққа қиып жіберді деп ойлаймын. Сол көтеріліс кезінде оқудан шығуыма бірінші Комсомол бюросының төрағасы тікелей себепші болды. Ол кезде Төраға сол — Әміржан Қосанов еді. Кезінде әрине өкпем болды, өйткені ешқандай себепсіз, дәлелсіз шығарып жіберді. Ондай әрекет – иттік әрекет болып есептеледі. Мен үшін солай!»,-деді «Желтоқсан» оқиғасына қатысушы Аманғазы Кәріпжанов.
“Бұл әңгіме мен саясатқа арласқалы бері келе жатыр. Мен айтып кетейін. Біріншіден, 1986 жылы мен 22 жаста болдым. Комсомол комитетінің хатшысы болып, үшінші курста оқып жүріп, жатақханада тұрдым. Біреуді оқудан шығара салатындай үшінші курстың студентіне кім пәрмен береді. Екіншіден, мен өзім екі күн алаңда болдым. Деканатқа, комитет комсомолына хат келеді. Міне, пәленше деген студент алаңда болды. Партияға қарсы ғайбат сөз айтты, оқудан шығарыңдар дейді. Ол кезде журфак партиялық факультет болды. Комсомол қатарында болатындар журфакқа түспейді. Сол кезде мен 16 адамның 14-ін мен алып қалдым. Аманғазы мен Гүлнәрді шығарған ректорат болатын. Менің оқудан шығаратын құқым жоқ болды”,- дейді ол.
Ең алғашқы махаббаты 1-сыныпта Ләззат деген қызға болған, 19 жасында шашына ақ түсіп, мектеп бітірер жылдары «Алтын белгі» үшін әкесінен пара сұраған қоғам қайраткері Әміржан Қосанов қазіргі таңда қоғамдық жұмыстармен ғана айналысып, отбасын асырауға айына 700-800 мыңдай қаражат тауып жүргенін де жасырмады.