Алматы облысында ірі кәсіпорын тас жол бойындағы орманды отап тастаған
Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кенті мен Байсерке ауылының аралығында тас жол бойындағы жайқалып тұрған ағаштар жаппай кесіліп жатыр, деп хабарлайды KzNews.kz ақпарат агенттігі.
Сұрау салу барысында табиғатқа деген мұндай зұлымдықты кімнің жасағаны белгілі болды. Ағаштарды еліміздегі ірі Шин-Лайн компаниясы кескен. Мұндай ірі зауыттың жайқалған жасыл орманды түбімен отап тастап не істемек?
Шин-Лайн зауыты бұл жерлерге құрылыс салып, жаңадан ағаш отырғызады деген сыбыс болған. Дегенмен дәл сол тас жолдың бойына барғанымызда, ешқандай да құрылыс жүргізілмегенін не болмаса ағаштардың да отырғызылып жатқандыған байқамадық.
Тек бұл үлкен аумақты алып жатқан жердің автокөліктердің тұрағына айналғандығын ғана аңғардық. Жергілікті ауыл тұрғындары да Шин-Лайн зауытының бұл әректіне наразылығын білдіріп жатыр.
Табиғатқа жасалған мұндай зұлымдыққа қолданылатын арнайы заң бар ма? Экология министрлігі бұған не дейді? Жергілікті әкімдіктің бұдан хабары бар ма? Сауалымызға ресми жауап береді деген үміттеміз.
Тұяқбай Нұржан