Әкесі Назарбаевтың сенімді адамы, баласы Қарағанды облысының әкімі

0
3178

Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Махмұд Қасымбекті жеке қабылдап, 70 жасымен құттықтады. Әрине, құттықтайтын да жөні бар. Ол мұндай құрметке әбден лайық. Өйткені ол өмір бойына бір қызметте отырған адам.

Дәлірек айтқанда, Тұңғыш Президент Кеңсесін 1996 жылдан бері басқарып келе жатқан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі. Есептеп көрсек, 26 жыл аз уақыт емес.

Мансабын мектептен бастап, Кеңсе Басшысына дейін көтерілген Махмұд Қасымбектің алмаған атағы, тақпаған медалі жоқ. Айта берсек, аузымыз талады, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, «Барыс» ордені, «Құрмет» ордені тағысын тағы.

Енді мұндай «ұлы тұлғаның» ұрпағы да оңай жерде отырмаса керек?! Иә, оның ұлы ешқандай кәсіпкер не кеңсе қызметкері емес, білдей Қарағанды облысының әкімі. Оған дейін қаралы қаңтарда жылы орнын босатуға мәжбүр болған Маминнің орынбасары қызметін атқарған. Ол кезде «біреудің – ағасы, біреудің – көкесі» дегеннің қызып тұрған шағы ғой! Даңғазалық пен дарақылықтың белең алып тұрған кезі. Бұл «Ескі Қазақстанның» елесі ғой дерсіз… Жо-жоқ! Елімізде әлі де халықтық көз қарастан гөрі таныс тамырлық, ағайыншылдық тағы осындай көзқарастар басым. Бұған «Қасымбектер династиясының» өзі мысал бола алады. Себебі жоғарыдан сайланған әкімді халық болып ауыстыра алмай отырмыз. Ал Қарағанды болса, өркендеудің орнына өрге жығылуға жақын. Халықтың жайы айтпаса да мәлім.

Жасыратыны жоқ, «Ескі Қазақстанда» халықтың еңсесі түсіп, жігері құм болды. «Жаңа Қазақстанда» жадыраймыз десек, ескінің елесі күн берер емес. Сондықтан «Жаңа Қазақстанның» қаңқасын ескі кадрлармен тіктегеніміз қаншалықты орынды? Түйін сізден…