Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты істі қарап, бірінші сатыдағы сот шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, жанжал 2026 жылғы 27 қаңтарда Қарағандының Майқұдық ауданында болған. Сотталған әйел атасына жасалған қорлықтың мән-жайын білмек болып, екі әйел тұратын пәтерге барған. Алайда әңгіме барысында жанжал туындап, ол үйдегі екі әйелге де күш қолданып, дене жарақатын келтірген.
Бірінші сатыдағы сот әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп таныған. Оған 100 АЕК, яғни 432 500 теңге көлемінде айыппұл тағайындалған.
Сонымен бірге сот сотталған тарапты екі жәбірленушінің әрқайсысына 500 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысын төлеуге міндеттеген. Бұдан бөлек, заңды өкілдің қызметіне кеткен 1 миллион теңге шығынды өтеу туралы шешім шығарылған.
Сотталған әйелдің қорғаушысы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда облыстық сот алқасы бірінші инстанция сотының шешімі заң талаптарына сай әрі жеткілікті дәлелдерге негізделген деген қорытындыға келген.
Осылайша, апелляциялық шағым қанағаттандырылмай, бұрынғы үкім күшінде қалды. Сот шешімі заңды күшіне енді.