Қазақстанда мобильді аударымдар бойынша рұқсат етілетін сома 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бекнұр Жаленов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір тиісті нормативтік-құқықтық акт жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Құжатта мобильді аударымның шекті сомасын 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін арттыру ұсынылған.
«Бүгінде біз аударымның мүмкін болатын сомасын 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды көздейтін НҚА жобасын талқылауға шығардық», – деді ол.
Сонымен қатар әр азамат өз аударымдарына жеке лимит белгілей алады. Банктер де клиенттер үшін қосымша шектеулер енгізуге құқылы.
Жаңа құжат банкаралық аударымдарды, соның ішінде 2026 жылдың шілдесінде іске қосылған «Бірыңғай QR» арқылы жасалатын операцияларды да реттемек.