Ағашқа байлап, балтамен ұрған: жүкті әйелдің жауыздығы жұрттың жағасын ұстатты
Қазір азапталған иттің жағдайы ауыр, ал оны ұрып-соққан әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Алматы облысының полициясы жергілікті ауылдардың бірінде итке қорлық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Еңбекшіқазақ ауданының 30 жастағы тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 316-бабы «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, Қазақстанда осы бап бойынша ірі көлемде айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.
Қазір қылмысқа қатысты куәгерлерден жауап алынып, сараптама тағайындалды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Бәйтерек ауылында ағашқа байланған итті ұрып-соққаны айтылған жазба жарияланды. Автордың айтуынша, ауылдың жүкті тұрғыны иттің басынан балтамен ұрып, пышақпен қорлауға кіріскен. Тұрғындар итті алып кетіп үлгеріпті.
Қатыгездікке бірнеше бала куә болған.
Содан кейін итті еріктілер алып, ветеринарлық клиникаға апарған. Үй жануары жабық ми жарақатын алып, басы қанталған.
«Балтаның ұңғысында шеге болса керек, себебі ол иттің басының терісі мен тіндерін тесіп өткен. Көзі мен мұрны қанталаған. Аяғын әрең басып тұр, көздері ісіп кеткен. Қазір жағдайы ауыр», — деді еріктілер.