Танымал «Өнер Қырандары» театры Шымкент қаласында жоспарланған концерттің өтуіне кедергі келтіріліп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы театр ұжымы Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұжым өкілдерінің айтуынша, концертті ұйымдастыру барысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты QYZGALDAQ Sarayiтарапынан белгілі бір қиындықтар туындаған.
Осы жағдайға байланысты театрдың адвокаттары мен заңгерлері мәселенің заңдылығын тексеру үшін прокуратураға, ҰҚК-ге, Шымкент қаласының әкімдігіне және басқа да мемлекеттік органдарға тиісті құжаттарды дайындап жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта біздің адвокаттарымыз бен заңгерлеріміз мемлекеттік мекемелерге жағдайдың заңдылығын тексеру үшін құжаттар дайындауда», – делінген театрдың ресми мәлімдемесінде.
Сонымен қатар ұжым Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің атына ашық хат дайындауға мәжбүр болғанын жеткізді. Театр өкілдерінің сөзінше, әкімнің атына жолданған кейбір өтініштер мен арыздар қала басшысына толық жетпей жатқан көрінеді.
«Өнер Қырандары» бұл жағдайға қатысты толық ақпаратты алдағы уақытта жариялайтынын мәлімдеді.