«Ұлыорыстық шовинизм» қатер екенін өз болмысымен көрсетті
Нәсіпқали СЕЙІТОВ, профессор
Қазақ жерінде соңғы 300 жылдан астам уақыт ішіндегі зобалаңның дені сыртқы күштер тарапынан болған. Ал қазақ халқын қуғын-сүргінге түсіру қасіреті тек қана орыс патшалығы мен кейінгі кеңестік Ресей тарапынан болды деп топшыласақ, қатты қате кетпесіміз анық.
Ал осы зобалаңның қанды табиғатын саралай келсек, оның астарынан қазаққа қырғидай тиген «Ұлыорыстық шовинизмнің» зұлматын айқын аңғаруға болады. Профессор Нәсіпқали Сейітовтың төменде жарияланып отырған мақаласы дәл осы тақырыпты терең сөз етеді.
Қазақ қоғамында дәйім болып жататын алуан түрлі үдерістерге уақтылы үн қосып, өз пікірін үнемі ақпарат көздері арқылы білдіріп отыратын белгілі пубицист-жазушы Марат Тоқашбаевтың «ДАТ» газетінде (№18, 06.05.2021 ж.) жарияланған «Қазақтың қас жауы – Гитлер ме, әлде Сталин бе?» деген тосын сұрақты төтесінен қойған мақаласы бірден селт еткізіп, көптен бері көңілде жүрген кейбір ойымызды ортаға салуға түрткі болды. Автор есімін атаған қос «тұлғаның» қайсысының қазаққа жасаған жауыздығы басымырақ болды деген нақтылы сұрақ қазақстандық қоғамда әлі де болса салыстырмалы түрде терең зерделене қоймаған сыңайлы.
Біздер үшін, яғни қазақ елі үшін екі жауыздың қайсысының айуандығы басым болды деген сұрақтың қойылуы, осы мәселеге үлкен мән берілуі өте орынды деп есептеймін. Өйткені мұндай талпыныс көзіміз шорланған, көкірегіміз торланған, санамызды сарғайтқан кешегі қатаң жүйе ықпалынан тезірек құтылуға (бұл үдеріс кейінгі кезде «декоммунизация» атаулы нақтылы терминімен белгіленіп жүргені белгілі), ділімізді нықтап алуға, сөйтіп еліміздің ертеңге деген сапарының сәтті болуына өз септігін тигізетін бірден-бір маңызды алғышарт рөлін атқаратындығы даусыз.
Бұл мәселені тиімді шешу барысында соңғы жылдары белгілі болып отырған талай-талай тың мәліметтерді сана сараптамасы тұрғысынан салмақтар болсақ, өткен ғасырда орыс шовинизмінің бұйдасын ұстаған қанқұйлы Сталиннің біздің халқымызды құртуға әдейі бағытталған қызыл қырғыны неміс фашизмі тарапынан жүргізілген қанқұйлы соғыс шығынынан әлдеқайда басым екендігін көреміз. Осы мәселе хақында жоғарыда аталған мақала авторы, публицист М.Тоқашбаев былай дейді: «…1941–1945 жылдардағы совет-герман соғысында 47 млн. адам қаза тапқан. …1918–53 жылдар арасындағы өз ажалынан емес, ату, аштық пен қуғын-сүргін, соғыс салдарынан КСРО-да кемі 87 млн. адам қаза тапқан. Сонда қарап отырсаңыз, сталиндік режим жылдарында 8,5–10 млн. қазақ өлтірілген».
Ең қиыны – қазақ ұлтына қастастық жасау бағытындағы орыс шовинизмінің арам ниеті Сталин өлгеннен кейін де «сәтті жалғасын» тапты, КСРО тарағанға дейін бізді ұлтсыздандыру саясаты пәрменді түрде жүргізіліп тұрғаны баршамызға белгілі жайт. Одан да қиыны – аталған арам ниеттің шарпуы күні бүгінге дейін жалғасуда. Шовинизмнің бүгінгі көсемі Путин деген узурпатор патша «орыс әлемі» дегенді ойлап тауып алды да, сол әлемді «қалған ұлттардың қысымшылығынан қорғау яки босатып алу» деген мазмұндағы сасық идеясы аясында қару-жарағын сайлап, жан-жағына жалаңдап отыр. Құр әншейін жалаңдап қана қоймай, осы идеясын жүзеге асыру жолында тікелей агрессияға бара бастағаны, мұндай агрессиядан кешегі Кеңес құрамында болған, бүгін озбыр орыстан іргесін аулақ салып, батыстық демократия елдерімен қоңсы қонуға талпынған Грузия, Украина сияқты елдер үлкен жапа шегіп отырғаны айдай әлемге белгілі жайт.
«Орыс әлемінің» бүгінгі «кемеңгері» В.Путиннің геосаяси амбициясы әсіресе туысқан украин халқын қан қақсатуда. ХХІ ғасырда, ай мен күннің аманында Ресей тарапынан Украина елінің құрамдас бөлігі болып табылатын Қырым түбегінің аннексияға ұшырауы, Донбасс өңірінде Ресей ұйымдастырған соғыс өртінің жеті жыл бойы бір толастамауы, сөйтіп ондаған мың адамның қазаға ұшырауы – осы айтқанымыздың ақиқатқа сәйкестігінің бірден-бір дәлелі.
Украина мен Ресей текетіресінде біздер – қазақ елі – украиндық туыстарды қос қолдап қолдауға тиістіміз, себебі бұл текетірес нәтижесінде Путин бастаған орыс шовинистерінің дегенінің болуы бізге де «тықыр таянатындығын», яғни олардың келесі шабуыл нысанасы нақ біздің ел болып қалуы әбден ықтимал екендігін көрсетеді. Жириновский деген кеңкелестің оттауына мән бермегеннің өзінде Никонов, Федоров сияқты біршама жоғары дәрежелі орыс саясаткерлерінің (Ресей думасының мүшелері, біреуі тіпті комитет төрағасы) бәрімізге белгілі «мәлімдемелері» мұндай қауіптің тіпті де негізсіз емес екендігін айғақтайды.
Бұл айтқандардан шығатын қорытынды – саны жағынан әлдеқайда басым, мұздай қаруланған, санасында шовинизм идеялары әбден тұрақтанып қалған осы бір содыр көршімізге деген күдікті ендігі жерде ешбір босаңсытпау қажеттілігін мойындау, яғни оның «құрығына түсіп қалмау бағытындағы» бүкіл қам-қарекеттер кешенін анықтап, олардың әрбіреуіне үлкен ыждағаттылықпен мән беру.
Дұшпаннан сақтану тиімділігін арттыру жолдарының бірі және бірегейі – нақты дұшпанды анықтап алу және оның бүкіл болмыс-бітімін жан-жақты түйсіну екендігі белгілі. Олай болса, осы бағыттағы бір топ мәселенің әуел бастан-ақ басын ашып алғанымыз абзал. Менің түсінігімде бұл топтағы басты мәселе екеу, олар: 1) Бүгінгі Ресейді расымен де біздің еліміздің потенциалдық дұшпаны деп қарауға бола ма? 2) Бүгінгі Ресейді Қазақстанның (тек Қазақстанның ғана емес) потенциалдық дұшпаны деп қарауға түрткі болып отырған сол Ресей басшылығының саясаты қандай, ол саясаттың түп-төркінінде нендей принциптер жатыр?
Бірінші сұрақ бір қарағанда тосындау естілетіндігі даусыз. «Солтүстіктегі алып көршіміз біздің ең басты досымыз және серігіміз (партнеріміз)» деген түсінік біздің қоғам мүшелері санасында тұрақтанып қалғандығы соншалық, орыс елімен достығымыз ешбір күмәндануға келмейтін ұғым сияқты болып көрінеді. Жалпылама алып қарағанда, солай екені рас та: біз күні кеше жалғыз ғана қоғамның «шекпенінен шықтық», КСРО деп аталатын сол алыптың жоғын жоқтадық, экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қостық, оның тәуелсіздігі мен бостандығы үшін талай-талай қандастарымыз қырғын соғыста жандарын қиды.
КСРО ыдырап, жеке-дара ел болғаннан кейін де Қазақстан Республикасы серіктестік, көршілік пейілін сақтап, Ресей халқымен бейбіт қарым-қатынаста болуға, екі ел арасында сауда-саттықты дамытып, екі елдің де әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне жағымды жағдайлар туғызуға мүдделі екендігін көрсетіп-ақ бағуда. Бірақ та Ресейдің бүгінгі билігі достастық принциптерін сақтау мәселесі бойынша ресми тұрғыдан өз келісімін бере тұрса да, жеме-жемге келгенде, мұндай уәдеден тайқып кетуге қашан да бейім сияқты екендігі жоғарыда айтылды. Ресей билігінің осындай қара ниетке бейімділігінің, яғни өзге елдерге «көз алартуын» күні бүгінге дейін қоймау саясатының түп-төркінін зерделеу қажеттілігі жоғарыда аталған екінші мәселені тарқатуға, яғни аталған саясаттың себеп-салдарын анықтайтын принциптер табиғатын анықтауға жетелейді.
«Айналамның бәрін тек өзіме бағынышты қылсам» деп өңмендейтін өпіремділіктің арғы төркінінде «Ұлыресейлік шовинизм» деген арамза принцип жатқандығы бүгінгі таңда бүкіл алты әлемге белгілі болып отыр. Орыстың ауызба-ауыз сөз төркінін ашып берудің шебері, бүкіл қолданыстағы «Ұлыорыс тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушы, аты әлемге әйгілі Владимир Даль «шовинизм» сөзінің мағынасын былайша түсіндіреді:
«Шовинизм – қомпима, ұрыншақ, жауыз отаншылдық; өз отаны дегенде ақыл-естен айырылып қалу, өзінікін ғана ұнатып, өзгенің бәрін жексұрын санау» («шовинизм – квасный, наступательный и хищнический патриотизм; патриотическое ослепление, слепая привязанность ко всему своему и отвращение к чужому» [В.Даль. Толковый словарь живого великорусского языка. Москва. ОЛМА-ПРЕСС ОАО ПФ «Красный пролетарий». 2005. С. 677.]).
Владимир Даль «ұлтшылдық» («национализм») терминіне түсініктеме беру барысында «шовинизм» сөзіне тағы бір рет оралады:
«Шовинизм – өз халқының бүкіл өзге халықтарға талассыз үстемдік жүргізуін көксейтін, сол өзгелерді кемсітуге, тіпті құрытып жіберуге талпынатын тар шеңберлі (қысаң) ұлтшылдық» («шовинизм – узкий национализм, основанный на стремлении к исключительному господству собственного народа с унижением и даже истреблением всех остальных», [Там же. С. 351]).
Жалпылама ұлтқа немесе тұтас халыққа нақ осыншалық зілбатпан сипаттама беру, мүмкін, дұрыс та болмас. Кез келген ұлт құрамында данышпандар да, көкбеттер де ұшырасатыны белгілі. Ал тұтас ұлттың, жоғарыда келтіргендей, әсіре астамшылықтармен сипатталуы – бір қарағанда күмәнді көрінуі де заңды. Алайда «Ұлыресейлік шовинизмнен» бастау алатын мұндай астамшылық орыс ұлты өкілдерінде бұрын да (кешегі Кеңес кезінде де) болған, әлі де жалғасуда деп мәлімдеуге негіз боларлық жайттар жыртылып айырылады.
Кеңес кезеңіндегі орыс ұлты өкілдерінің өзгелерге (біздерге) көрсеткен құқайы салдарынан ұлттық діліміздің әбден тұралап қалуға жақын қалғандығын бүгін ғана салмақтап жатырмыз, әйтпесе ол кезде бағдарлы да пәрменді жүргізілген шовинистік саясат пен идеология салдарынан біздің ұлт өкілдерінің басым көпшілігі өзіміздің кім екенімізді, ертеңіміз не болатындығы жайлы тіпті ойланып та жарытпапсыз ғой.
Ол кездегі біздің түсінігімізге сәйкес, «орыстың тілі, білімі мен ғылымы, әдебиеті мен мәдениеті бәрінен мешел қалған қазақ ұлтын қатарға қосып, өркениет өріне қарай жетектеп апарады» дегенге саятын-ды. Жоғары оқу орнына түсердегі орысшамыз «нан сұрарлық» болса да, институтта амалсыздан орысша оқыдық, оқығанымызды көңілге тоқуға тырыстық. Осының нәтижесінде алдымыз ғылым докторы, профессор, академия мүшесі деген сияқты атақ-дәрежелерді иеленіп, бөрікті аспанға аттық. Қорғалған диссертациялардың, жазылған ғылыми мақалалар мен монографиялардың басым көпшілігі орыс тілінде болғандығы өзінен-өзі түсінікті. Ендеше олар, сайып келгенде, қазақ ғылымының емес, орыс ғылымының көсегесін көгертуге үлес қосатындығына тіпті де мән берген емеспіз.
Ұлттық намысымыздың тапталып қалғандығы соншалық, орыс ұлты өкілдері тарапынан жәй ғана тұрмыстық қарым-қатынас барысында да жиі-жиі ұшырасатын көзөттіліктерге де мән бермеуге тырыстық. Біздер қоғамдық көлікте бір-бірімізбен өз тілімізде сөйлесуге жүрексінген, себебі салонда отырған орыстың мыжырайған кәрі кемпірінің «ай, дорогой, говори по-человечески» деген ескертпесін естіп өскен ұрпақпыз. Осы шағын мысалдың өзі-ақ шовинистік көзқарас орыс ұлты өкілдерінің бәріне де тән деп мәлімдеуге толықтай негіз болуы тиіс. Әйтпесе жаңағыдай қитұрқы ескертпенің саясаттан хабары жоқ мыжырайған кемпірдің аузынан шығуын өзгеше түсіндіру мүмкін емес сияқты. Ал біз болсақ бұл сұмдық ескертпеге «біз не сонда, «человек» емеспіз бе?» деген мазмұндағы жауап қатуға жарамағанымыз өз алдына, мұндай кемсітудің «түп-төркіні мен болашақта қайда апарары» жайлы тіпті ойланбадық та!
Қарапайым көпшіліктің бұл мәселелер бойынша басын ауыртпауы орыс шовинизмі жүргізген қанқұйлы саясаты мен пәрменді идеологиясының жемісі екендігін енді-енді ғана түсініп жатырмыз. Ұлт зиялыларының арасында сол ұлт болашағы үшін шырылдағандарды (Алаш арыстары мен олардың жақтастары) жаппай құртып жіберуге бағытталған қанқұйлы саясат пен КСРО ауқымында «аға халық» ретінде бейресми түрде мойындалған орыс ұлтының жолбасшылығы ғана «коммунизм» аталатын ұшпаққа жеткізетіндігіне деген талассыз сенімге құрылған идеология өз жемісін бергендігі анық.
Мұндай қаныпезер саясат пен жымысқы идеология одан әрі де өз жалғасын тапқан жағдайда біздің ұлтымыз өзінің «тып-тыныш қалпын сақтай отырып» болашақта (ерте ме, әлде кеш пе) Орал тауының шығыс жапсары мен Сахалин аралығын қамтитын алып аймақтың байырғы тұрғындары сияқты қоңыр келбетті орыс азаматтары болып шыға келетіндігі кәміл еді. Құдай сақтады – тарихи үдерістер тоғысынан туындаған заңдылықтар еліміздің Тәуелсіз мемлекеттер сапынан көрінуіне мүмкіндік берді.
Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамына кірген республикалар жеке-дара ел болғанына талай жылдар өтсе де, енді ТМД елдері деп аталатын одаққа біріккен сол республикалар, солардың ішінде біздің Қазақстан да Ресей ықпалынан әлі де болса шыға алмай отыр. Өкінішке орай, қазіргі қазақ қоғамы кезінде пәрменді түрде жүргізілген ұлтсыздану қасіретінің сарқыншақтарынан әлі де болса арыла алмауда. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл бойына рухани тұрғыдан ілгерлеп кете алмауымының, үнемі кібіртіктей беруіміздің арғы төркінінде осы санадағы сылбырлық жатқандығы анық.
Жеке-дара егеменді ел болдық, енді етегімізді жиып, тарихымызды түгендейтін, сол тарих қойнауында қабырғалы ел болғанымызды ұғынатын, өз ұлтымызға тән аса биік тектілігімізге, тіліміз бен ділімізге қайтып оралатын, сөйтіп жан-жағымызға жалтақтамай күн кешетін уақыт жетті. Алайда осылайша ұғынып, осы бағытта жол тартуымыздың сәтті болу мүмкіндігіне орыс елінде қайтадан бас көтерген баяғы «Ұлыресейлік шовинизм» принциптерінің мемлекеттік саясат дәрежесінде дәріптелуі айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.
«Тең халықтар арасында «аға халық» болу» мәртебесінен айырылып, «тізерлеп қалған орыс ұлтының қайтадан тік тұрып кетуі» Путиннің есімімен тікелей байланысты екені белгілі. Орыс елінің билік басына келе сала, ол орыс халқына тән шовинизм ұрығының қайтадан бүршіктенуіне, осылайша олардың «жаңаша рухтануына» жағдай жасады. Билікке келе салып, бостандық сүйгіш шешен ұлты өкілдерін «дәретханада діңкелетуден» бастаған бұл қанішерлік саясат келе-келе өзге мемлекеттерге көз алартуын бастады. Сөйтіп, ХХІ ғасырда, айдың-күннің аманында Грузия жеріне басып кіріп, осы ел құрамындағы Абхазия мен Солтүстік Осетияны Ресейге бағындырды, Украинаға қарасты Қырым түбегін Ресейге қосты, Донбассты қан қақсатты. Қырымды «өз еркімен Ресейге қосқан» кездегі сол Ресей елінде «Крымнаш!» деген ұранның жаппай сипат алуы, нақ сол кезде Путиннің рейтингі 85 пайызға шейін көтерілуі – өкінішке орай, орыс ұлты өкілдерінің кеудесінде бұрыннан бар шовинизм ұрығы бүгін де қаз-қалпында сақталып қалғандығының тағы бір бұлжытпас дәлелі (орыс кемпірінің «говори по-человеческиі» сияқты). Бұл жайт біздің елімізге түстіктегі көршімізбен әлі де абай болу қажеттілігін көрсетеді.
Бір кереметі – Ресей елінің шовинизм идеялары жетегінде кеткен мемлекеттік саясаты өзінің қанқұйлылығымен ғана емес, орасан аярлығымен де ерекшеленеді. Саясат жүрген жерде аз-мұз жалғандық, алдау-арбау да жүруі заңдылық сияқты. Халық «саясат – лас нәрсе» дегенде, осы жайтты меңзесе керек.
Алайда Ресейдің шовинизмнен бастау алатын мемлекеттік саясаты ешбір қисынға келмейтін арсыздыққа негізделген. Естіген-көргенінен қорытынды шығаруға қабілеті бар кез келген адам сенуге болмайтын өтірік – бүгінгі Ресей саясатының темірқазығы. Ресей мемлекеті жасап отырған алуан түрлі мазмұндағы қылмыстардың мән-жайы дүние жүзі елдеріне толықтай белгілі болып, жүз пайыз дәлелденіп отырса да, бүгінгі Ресей саясаткерлері мен насихатшылары «жоқ та жоқ» деп бедірейгенде, беттері шімірікпейді.
Осылайша «Ұлыресейлік шовинизм» бүгінгі таңда өзінің бүкіл болмысын – жарылғалы тұрған ішкі іріңдерін – айдай әлемге жайып салып отыр. Нәтижесінде бүгінгі таңда «орыстікі дұрыс» деп мәлімдейтін жөні түзу ел қалмаған сыңайлы. Яғни, бүгінгі таңда Ресей мемлекеті әлемнің дамыған елдері тарапынан жаппай санкцияға ұшыраған, Халықаралық ережелер шеңберінен болашақта біржолата аласталуы тиіс елге (изгойға) айналуда.
Мен кейде шовинизмнің іріңдеп кеткен ішкі иірімдерінің толықтай ашылып қалуына «өз септігін тигізгені» үшін «Путин-азаматқа» үлкен рахмет те айтқым келеді, себебі достығын дұшпандыққа айырбастай салуға мейілінше икем көршіміздің сол ішкі иірімдерін жазбай тану дегеніміз мүмкін деген қауіптерден сақтану саясатын нықтай түсуде өзінің жағымды рөлін атқаруы тиіс. Әрине, ондай заманның бетін әрмен қылсын, десек те, Құдай да «сақтансаң – сақтармын» депті ғой…
Атырау қаласы