Белсенді Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сотқа дейінгі тергеу органы әрекетті Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша саралау туралы қаулы шығарған:
190-бап 4-бөлік 2-тармақ – аса ірі мөлшерде алаяқтық (айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған);
340-бап 3-бөлік 1-тармақ – адамдар тобы жасаған заңсыз ағаш кесу (айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған).
Қаулы прокурормен келісілген.
Еске салайық, 18 наурызда Алматыда саяси белсенді Санжар Боқаев ұсталды. Сот шешімімен екі айға қамауға алынған қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың адвокаты Диас Ахметтің айтуынша, оның қорғауындағы азамат полиция құрылымындағы уақытша ұстау орнынан ауыстырылған. Санжар Боқаев енді ҰҚК изоляторында. Мұндай орынға әдетте ерекше істер бойынша күдіктілер немесе қауіпсіздігіне қауіп төнген тұлғалар қамалады.