«Жағдай өте қиын». Біртанов коронавирустың жаппай таралу қаупі туралы айтты

1

Министр Қазақстан азаматтарын уақытша коронавирус жайлаған елдерге бармауға шақырды

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының Қытайдан тыс елдерде де кең таралуына байланысты пікір білдірді.

«Жағдай қиын. Кеше ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысы пандемия, яғни аурудың жаппай таралу қаупі бар екенін айтты. Кей елдерге шұғыл дайындалуға тура келеді. Бүгін бізде Қытайдан да басқа мемлекеттер бойынша ведомствоаралық штаб отырысы болады. Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония елдеріне баруды мүлдем шектеу туралы ақылдасамыз. Егер бас санитарлық дәрігер шешім қабылдаса, қауіпсіздік шарасын күшейту жөніндегі бірінші категориялы елдер қатарына олар да кіреді. Яғни, сол жақтан да келген азаматтарымызды карантинге жабуға тура келеді.  Әрине, әзірге дені сау адамның қолында билет болса, қалаған еліне баруға заңды құқы бар. Бірақ, біз жоғарыда аталған елдерге сапарды азайтып, қарым-қатынасты төмендетуге кеңес береміз», — деді министр.

Министр әсіресе Корея Республикасына бармау керегін айтты. Ол жақта қазір емделуге барған, қыдырып, жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары өте көп. Сондай-ақ министр халықты босқа дүрлікпей, жағдайды түсінуге шақырды.

«Мені министр ретінде халықтың Зайсандағыдай реакциясы қынжылтады. Бірақ мұндай жағдай көп елдерде болып жатыр. Ел карантинге жабылған азаматтар ауру емес, сау екенін, тек қауіпсіздік үшін шара қабылдап жатқанымызды түсінуі керек. Одан кейін, ауру таралған аймақтардан келгендерге өз жақындарымен біраз уақытқа қарым-қатынасты шектеуге кеңес береміз. Бәрін бірдей карантинге жаба беруге орын жоқ. Сын өте көп, иә, түсінеміз. Ешкім бұған дайын болған жоқ. Қазір медициналық оқу орындарының студенттерін әуежайға көмекке тартып жатырмыз. Бүгінде республика бойынша 1000 адам біздің бақылауымызда», — деді ол бұған қатысты.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

«Азаттық рухы»