Алматыда адам өліміне әкелген жол апатынан кейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құқық қорғау жүйесінде қордаланған мәселелер бар екенін айтып, ішкі істер органдарында ауқымды өзгерістер қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, ең алдымен жауапты құрылымдардың жұмысын толық тексеріп, барлық бейнебақылау жазбаларын саралау керек. Депутат жұмыстан босатылған лауазымды тұлғалардың қарапайым қызметкер емес екенін атап өтті. Сондай-ақ Алматы көшелерінде спорткарлардың жиі жылдамдық асырып жүргенін күнделікті көретінін, бірақ олардың жауапкершілікке тартылғанын сирек байқайтынын айтты.
Базарбек бұл мәселе тек бір қалаға емес, бүкіл елге тән екенін айтып, ішкі істер жүйесінде кең көлемді «тазалау» жүргізу қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар ол көшелерде жарыс ұйымдастыратын жүргізушілердің арасында ықпалды адамдардың балалары бар екенін де жасырмады. Депутаттың сөзінше, мұндай «мажорларды» кейбір лауазымды тұлғалар қорғап отыр, ал бұл жағдай басқа өңірлерде де кездеседі.
Осыған байланысты ол құқық қорғау органдарын осындай ықпалдан арылту керек деп санайды. Мәжіліс өкілдері бұл мәселені мемлекет басшысының деңгейіне дейін көтеруге дайын екенін де айтты. Сонымен бірге ішкі істер министрлігі тарапынан тәртіпті күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.
Депутат бұл тақырыпты алдағы рақымшылық туралы заң жобасын талқылау кезінде де ескеруді ұсынды. Оның жеке ұстанымы бойынша, жол қозғалысы ережесін бұзғандарға жеңілдік жасауға болмайды.