Жоғарғы соттың өзі халыққа тасадан тас атып отырғаны ма?

0

50 мың теңге қарыз алған азамат бір жылдан соң мойнына 2,4 миллион теңге қарыз іліп шыға келеді. Соңғы кезде сотқа барып тауы шағылып, үміті тас-талқан болған қазақстандықтар қатары еселеп артты. Неге дейсіз бе? Қазір айтамыз. Тамыз айының бел ортасында судья Светлана ЖОЛМАНОВА ел президентіне ашық хат жазған болатын. Ол хатта Фемида өкілі Жоғарғы сот төрағасының қандай реформатор екенін және мемлекет басшысының тапсырмасын қалай орындап отырғанын паш еткен-ді деп жазады Ratel.kz.

Бұл ашық хаттан кейін шынымен сот жүйесінде не болып жатыр деген қызығушылық туныдайтыны заңдылық. Жолманованың хатында микронесие ұйымдарының қызметі салдарынан мыңдаған қазақстандықтың зардап шеккені айтылған. Мәселен, сот кабинетінде «Онлайн финанс» серіктестігіне қатысты ондаған іс жатыр. Ол микроқаржы ұйымының не лицензиясы жоқ, тіпті микронесие ұйымы ретінде арнайы тіркеуде жоқ болса да қарызға ақша беріп отырған.

Қарызға ақша беру алгоритмі мынадай: егер қарыз алушы 11 күнге «Онлайн Финанстан» 50 мың теңге алса, онда оны аталған мерзім ішінде 60500 теңге етіп қайтаруы тиіс, Яғни, күн сайын қарыз 1050 теңгеге немесе 2,10 пайызға өсіп отырады. Жылдық ставкасы – 767 пайыз! Ал, қарыз алушы несиені сол мерзімде жаппаған жағдайда, әлгі қаржы ұйымы 5 мың теңге сыйақы үстемелеп, негізгі сомаға 2,80 пайыз қосып, әр күнге пеня қояды. Бұл дегеніңіз жылдық пайыздық ставкасы 1000 пайыз деген сөз. Бұған айыппұл санкцияларын қосыңыз – 1,5 миллион теңгеден астам қаржы! Яғни, 50 мың теңге қарыз алған азамат бір жылдан соң мойнына 2,4 миллион теңге қарыз іліп шыға келеді!

Ratel.kz  анықтамасы

//»Онлайн Финанс» ЖШС-не Андрей ФЕЛЬДШЕРОВ деген жетекшілік етеді екен, Қазақстан резиденті емес, ЖШС құрылтайшысы ретінде «IDF HOLDING LTD» компаниясы көрсетілген.

//Ал, «IDF HOLDING LTD» құрылтайшысы болып «ID COLLECT» коллекторлық агенттігі» ЖШС табылады екен.

//Өз кезегінде  «ID COLLECT» коллекторлық агенттігі» ЖШС «IDF HOLDING LTD» ЖШС құрылтайшысы.

//»IDF HOLDING LTD» мен «ID COLLECT» коллекторлық агенттігі» ЖШС иесі ретінде Әнуар ОТАРБАЕВ көрсетілген.

//2021 ж. тамыз айында Әнуар Отарбаевтын орнына Андрей Фельдшеров тағайындалды.

Жаңылтпаш сияқты болып кетті ме?

Сот кабинетінде және басқа да ашық ақпарат көздерінде «Онлайн Финанс» ЖШС-не қатысты 21 мың азаматтық іс, 12 қылмыстық іс және 9 әкімшілік іс бары көрсетілген.

Олар несие алушының кірісін, төлем қабілетін тексермей, қаржыны оңды-солды үлестіре берген. Әрине, бұл қаржыны қайтармау дерегінің дестеленіп жиналуына әкеп соқтырды. Не керек, ақыры «Онлайн Финанс» ЖШС борышкерлері айдаһардың апанындай болған пайыздық ставкаға келіспей, сотқа жүгіне бастады. Несие беруші ұйымның талабы заңды емес, себебі ол банк емес. Мұндай талап арыздармен аталған ЖШС-не сұмдық пайызбен қарызын төлегендер де жүгіне бастады.

Бірінші сатыдағы соттар талапкерлер талабын қанағаттандыра бастады, займ келісімін заңсыз деп танып, сол қаржы ұйымынан азаматтардың пайдасына заңсыз алған пайыздық ставкаларды өндіруге шешім шығарған-ды.

Не керек, әлгіндей талап арыздар сотқа жиі түсе бастады. Сотта заңсыз пайызбен жұртты қан қақсатқан қаржы ұйымдарына қатысты әділ шешім шығарылып, мыңдаған адамда үміт пайда болды.

Бірақ, бізде бақыт біткен ұзаққа созылып, баянды бола бермейді ғой… Жоғары сатыдағы соттар аудандық соттың шешімдерін бұза бастады. Еске сала кетейік, талапкерлерден әлгі қаржы ұйымына қатысты мыңдаған арыз түскен.

Халықты сұмдық пайызбен қан қақсатып құныққандар ісіне ҚР Жоғары сот төрағасы Жақып АСАНОВ араласа бастады. Ол республикалық нотариалдық палата төрағасы Әсел ЖАНАБИЛОВАҒА хат жазып, көшірмелерін облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларына жолдады. Онда Асанов мырза 2019 жылғы 21 қаңтардағы «ҚР меншік құқығын қорғау, арбитраж, сот жүктемесін оңтайландыру сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сілтеме жасаған. Аталған Заң бойынша атқарушылық істі нотариустарға беру талабы нақтыланған-ды.

Асанов өз хатында қаржылық айтыс-тартыстарды талап ету процесінен сотты босатып, ол құзыретті нотариустарға ұсынған.

Дәл осы сәттен бастап, қалалық соттар аудандық соттардың микронесие ұйымдарына қатысты шешімдерінің күшін жоя бастады.

Атқарушылық жазба  – бұл сотсыз-ақ жеке және заңды тұлғадан ақша не жылжымалы мүлікті алып қоюға мүмкіндік беретін құжат. Бір қарағанда, оңтайлы идея, соттарды енапат шаруашылық айтыс-тартыс жүктемесінен босатады. Әрине, мынаның астын сызып айту керек, атқарушылық жазба қарыз сөзсіз нақтыланған болса ғана жүзеге асырылады. Нотариус қаулысы мәжбүрлеп орындатуды көздейтін атқару құжаты болып табылады. Бұл заңгерлік тәжірибе қаржы рыногында заңсыз жұмыс істейтін микронесие ұйымдарына қатысты қалай пайдаланылған деген сұрақ туындайды осындайда.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, өсімпұлдар мен айыппұлдар несиелік немесе микронесиелік ұйымдар үшін сотта ғана талап ете алатын әрекет. Пайызбен ақша беретін микроұйымдар үшін Асановтың бұл хаты нағыз алтын құжат болды. Халықтың қалтасын теспей сорған өсімқорлар алақынын ысқылады. Атам қазақ «алтын шыққан жерді белден қаз» дейтін бе еді? Міне, өсімқорлықпен айналысатындар мұнан кейін әрекет пәрменін күшейте түсті.

Судьяларға өсімпұл мен айыппұлдарға белшеден батқан азаматтарға қатысты талап арызды қанағаттандырмау туралы тапсырма берілді. Құқы мен мүддесі қорғалмаған азаматтар басын тауға да, тасқа да соқты. Тіпті, тоқтаусыз өскен проценттерден бас көтере алмай өз-өзіне қол салу деректері де орын алып жатты. Отбасылар ажырасып жатты. Әлеуметтің әл-ауқаты күйреп бара жатты. Бірақ, бұған бас ауыртқан құзырлы орган болмады.

Соттар Асановтың хатына сүйене отырып, әрекет етті. Мәселен, Алматыда қалалық сот төрағасы несие алғандардың ісін қарамау туралы тапсырма берген. Мейлі ол микрокредиттік ұйымға қатысты болсын, мейлі ол банкіге қатысты болсын. Төраға қаржылық борышкерлерге қатысты істерді нотариустардың құзыретіне аударуды жөн деп біледі.

Атқарушылық жазба туралы бірер сөз және айта кетейік. Қарапайым мысал келтірейік. Коммуналдық қызмет қарыздары бойынша. Ондағы қарыздың бәрі дерлік есептегіш құралдары арқылы айқын көрінеді. Сондай кәдуілгі нәрсемен соттарды мазалаудың қажеті қанша? Бұл жерде сөзсіз, келісесіз. Тіпті борышкер көрсетілген сома мөлшерімен келіспеген жағдайда, атқарушылық жазбаны алған 10 күн ішінде нотариусқа хабарлауы қажет, сол кезде ол құжат жоққа шығарылады.

Ал, нотариус негізгі қарызы 50 мың теңге бола тұра, одан өсімқор ұйым 1,5 миллион теңге талап еткен борышкер қарызы бойынша істі қолына алған жағдайда мәселенің күмәнді екенін білмей ме? Оған қоса пайыздық үстемақысы заңмен белгіленген шектеуден асып тұрғанын көріп тұр емес пе?

Білмейді емес, біледі ғой, бір гәп бар демекші, ол тиімді боп тұр ғой: нотариус жеке тұлғадан өндірген сомадан 1, заңды тұлғадан өндірген сомадан 2 пайызын алады емес пе?!

Бүгінде Алматыда атқарушылық жазбаны қолдану бойынша «көшбасшылар» бар, кейбір нотариустар тіпті 40 мыңдай құжатқа қол қойып үлгерген. Нотариустардың атқарушылық жазбаға әбден төселіп алғанын байқауға болады. Орташа есеппен күніне 160 келісім-шарт бойынша борышкерлердің тағдыры шешілуде, яғни, әр істі қарауға 3 минут уақыт керек…

Нотариустар әрбір атқарушылық жазбаға 1 мың теңгеден алады десек, онда күніне олар 160 мың теңге пайда табады деген сөз. Нотариус қаулысы тиісті құрылымға түседі де, заңды негізде борышкерді сот орындаушылары мен коллекторлар жұлқылай бастайды. Байғұс борышкер кімнен сауға сұрайды? Сотта оны ешкім тыңдамайды, есікті сыртынан жап дейді. Бұрындары әділдікке қол жеткізген борышкерлерге қатысты істі жоғары тұрған сатыда бұзатын-ды, ол өз кезегінде статистикаға кері әсерін тигізетін, ал, бүгінде сот төрағалары өсімқорларға қатысты талап арызды қабылдаудан бас тартады. Дәйек ретінде Ж.Асановқа сілтеме жасайды.

Дәл осы мәселеге қатысты судья Жолманова мен Алматы қалалық сот арасында келіспеушілік орын алды. Жолманова нотариустар арқылы қарапайым халықтың мойнына енапат айыппұл мен өсімпұлдың қамытын кигізуді доғаруды сұрады. Бұл текетіресте халықтың жағына шыққан Жолманова ұтқан жоқ. Республикалық масштабтағы тінту мен түйрелеуге тап болды.

Ал, қарапайым халық тоқтамайтын өсімпұлдардан шаршап, әділдікке деген күдерін үзіп, өмірден баз кешуде. Неге өз-өзіне қол салу көбейді? Неге еңсесі түскендер қатары көбейді? Неге сот билігіне деген сенім азайды?

Елдегі ахуал осындай. Ал, соттардың жүктемесі жеңілдеп, арқаларын кеңге салды. Аудандық соттарды жаба салуға болар еді, бірақ, банктер бар дегендей. Біздегі сот реформасының сыйқы осындай.