Қызылордада 2001 жылы қайтыс болған азамат 2023 жылдан бері емханаға тіркеліп тұрған. Бұл тіралы желі қолданушысы жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жазба авторы әкесінің деректерін тексеру барысында оның «ДостарМедLine» клиникасына 2023 жылдан бастап тіркелгенін анықтағанын айтады.
Ол мән-жайды анықтау үшін емханаға барған. Автордың сөзінше, клиника қызметкерлері азаматтың «еркін тіркелу науқаны» кезінде емханаға тіркелгенін айтқан. Сонымен қатар, оның 2023 жылдан бері медициналық ұйымға келмегенін түсіндірген.
Марқұмның баласы әкесінің 2001 жылы қайтыс болғанын айтып, оның 2023 жылы емханаға қалай тіркеліп, өтініш бере алғанына таңданысын білдірді.

«Масқара! 2001 жылы қайтыс болған әкем 2023 жылдан бері емханада "тіркеуде" тұр! Жуырда тексерсем, Қызылорда қаласындағы "ДостарМедLine" жекеменшік клиникасы әкемнің атына ашылған ЖСН-ді тауып алып, оны 2023 жылдан бастап өз емханаларына заңсыз тіркеп қойған! Емханаға барып сұрасам, "Бұл еркін тіркелу науқанымен тіркелген. Бірақ 2023 жылдан бері емханаға келмеген" деп түсіндірді. 2001 жылы бақилық болған адам 2023 жылы қалай өз еркімен өтініш беріп, қол қояды?!», - деп жазды тұрғын.
Оқиғаға қатысты «ДостарМедLine» клиникасы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Жазба авторы бұл жағдайға байланысты құзырлы органдардан жауап күтетінін мәлімдеді.