Павлодар облысында әже мен немересі екі жыл бойы 2 мәйітті жасырып өмір сүрген
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Жеті триллион кетіп жатыр, бірақ бірде-бір ірі сот жоқ - сарапшы

Жеті триллион кетіп жатыр, бірақ бірде-бір ірі сот жоқ - сарапшы
Видеодан алынған кадр

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, цифрландыру саласының сарапшысы Олжас Әбішев мемлекеттік қаржы қозғалысы, МӘМС жүйесі және ірі көлемдегі қаражаттың шетелге шығуы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, мемлекетте дерек жоқ емес, бар. Ақпараттық жүйелер жұмыс істеп тұр. Бірақ мәселе деректе емес, әрекетте.

«Самолетпен кім қайда ұшып бара жатқанын көруге болады. Қаржы қай банктен қайда аударылып жатқанын көруге болады. Президенттің өзі жеті триллион теңге бір банк арқылы шетелге кеткенін айтты. Демек ақпарат бар. Бір-ақ сұрақ: содан кейін не істелді? Соңғы екі-үш жылда “біз бір триллион теңге жымқырған адамды ұстадық” деген бірде-бір ірі сот ісін көрдік пе? Жоқ», – деді Әбішев.

Сарапшы 2019 жылғы тегін дәрі-дәрмек ісін мысалға келтірді.

«2019 жылдың соңында 60 миллиард теңгеге қатысты 28 қылмыстық іс тіркелді. Бұл істердің бастамашысы сол кездегі министрдің өзі болды. Барлық мәлімет цифрлық деректер арқылы жиналып, прокуратураға жіберілді. Бірақ 2022 жылы сол 28 істің бәрі жабылып, тек бір медбике 500 мың теңге айыппұлмен жазаланды. Ал 60 миллиард теңге туралы іс аяқсыз қалды. Бұл – қоғам үшін өте ауыр сигнал», – деді ол.

Әбішевтің пікірінше, мұндай жағдайда адамдардың санасында қауіпті түсінік қалыптасады.

«Егер миллиардтар туралы айтылып, бірақ нақты жауапкершілік болмаса, қоғамда әділдік сезімі жоғалады. Біреу 7 миллиард теңгеге сотталып, амнистиямен шығып кетеді. Ақша қайтарылмайды. Онда қарапайым адам не ойлайды? “Ұрлауға болады, кейін бәрібір босап шығамын” деген ой қалыптасады. Бұл – өте қауіпті үрдіс», – деді сарапшы.

Ол цифрландыруға да сын айтты.

«Face ID енгіздік, QR-код енгіздік, ақпараттық жүйелерді жаңарттық. Бірақ нәтиже қайда? Егер басқару мәдениеті өзгермесе, технология ештеңе шешпейді. Біз технологияны енгізіп жатырмыз, бірақ жауапкершілікті енгізбей жатырмыз. Мәселе – дәл осы жерде», – деді Әбішев.

Сарапшының айтуынша, ірі көлемдегі қаржыға қатысты істер өте қауіпті.

«Жеті триллион теңге – бұл 17 миллиард доллар. Мұндай сома туралы сөз қозғау өте үлкен тәуекел. Ондай ақшаның артында мықты мүдделер тұруы мүмкін. Сондықтан тек технологияға сеніп, “бәрі автоматты түрде шешіледі” деп ойлау – аңғалдық. Бұл жерде саяси ерік пен батыл команда керек», – деді ол.

Әбішевтің пікірінше, Президент жалғыз өзі бүкіл жүйені өзгерте алмайды.

«Президент тапсырма береді. Бірақ оны орындайтын команда керек. Ештеңеден қорықпайтын, ешкімді жасырмайтын команда керек. Егер команда өзара бірін-бірі қорғап, жүйені сақтап қалуға тырысса, ешқандай реформа жүрмейді», – деді сарапшы.

Ол МӘМС қорының қаржылық тұрақтылығына қатысты пікір білдірген бұрынғы министр Елжан Біртанов мәлімдемесіне де тоқталды.

«2018 жылы денсаулық сақтау саласына 900 миллиард теңге бөлінді. 2019 жылы бұл сома 1 триллионға жетті. 2020 жылы МӘМС арқылы қосымша 500 миллиард қосылып, жалпы 1,5 триллион болды. Ал өткен жылы қаржы көлемі 3,6 триллион теңгеге жетті. Яғни бірнеше жылда қаржы екі-үш есе артты. Бірақ соған сәйкес нәтиже мен сенім артты ма? Мәселе – осы жерде», – деді Әбішев.

Сарапшы түйін ретінде бір ойды қайталады.

«Цифрландыру – құрал ғана. Егер нақты кінәлі адамдар жауапқа тартылмаса, егер миллиардтар туралы істер нақты шешімге жетпесе, ешқандай ақпараттық жүйе елді құтқармайды. Жазасыздық бар жерде шектен шығу болады. Ал әділет бар жерде ғана технология жұмыс істейді», – деп қорытындылады Олжас Әбішев.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.