Зейнетақы активтері: жинақ ақша желге ұшып жатқан жоқ па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Зейнетақы активтері: жинақ ақша желге ұшып жатқан жоқ па?

Зейнетақы активтері: жинақ ақша желге ұшып жатқан жоқ па?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Зейнетақы жинақтарына да жиі зер салып қоюды ұмытпаған дұрыс. Өйткені, бұл адамдардың жай ғана жинақ қаржысы емес, қамсыз болашақтағы өмірінің кепілі екені анық.

Сондықтан да ауыздан жырып, арнайы қорға аударған ақшаның қауіпсіздігі мен табыстылығы туралы аз-кем айтамыз.

Жыл басындағы дерек бойынша, ел азаматтарының зейнетақы шоттарындағы жалпы жинақталған сома 25,5 трлн теңге шамасында екен. Бұл қаржының 99,6 пайызы нарықтағы басты "ойыншы" Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі. Ал қалған бөлігі зейнетақы активтерін басқару құқығына ие жеке компаниялардың үлесінде, ол 0,4 пайыз шамасында ғана.

Жалпы, зейнетақы жинақтарының сақталуы туралы сөз болғанда жұрттың білетіні тек жалғыз компания - БЖЗҚ ғана сияқты. Әйтпесе, активтерді басқару нарығында бірнеше компания сәтті жұмыс істеп тұр. Және олардың инвестициялық портфеліндегі қаржы көлемі де қомақты екен. Ескеретіні, жеке компаниялардың салымдарды инвестициялаудан тапқан табысы мемлекеттің қатысуымен құрылған қорға қарағанда анағұрлым жоғары болып отыр.

2026 жылдың қаңтарындағы көрсеткіштерге сүйенсек, басқарушы компаниялардың арасындағы табыстылық төмендегідей нәтижелер көрсетті: БЖЗҚ акционерлік қоғамы 9,74 пайыз, "Сентрас Секьюритиз " АҚ 16,72 пайыз, "Alatau City Invest" АҚ 12,35 пайыз, "Halyk Global Markets" АҚ 10,41 пайыз, "BCC Invest" АҚ 10,17 пайыз және "Halyk Finance" ХБ ЕҰ компаниясы 8,96 пайыз. Жыл ішіндегі инфляция құбылуы шамамен 10–12 пайыз дәлізінде болды деген есеппен алғанда, жоғарыдағы жинақтаушы ұйымдардың арасынан нақты табысқа тек екі компания оң көрсеткішке шыққанын байқаймыз. Яғни, қаңтардағы есеп-қисап бойынша "Сентрас Секьюритиз" компаниясы мен "Alatau City Invest" компаниясының инвестициялық портфелі тоқ екені көрініп тұр.

Ал базалық портфел көрсеткіші бойында зейнетақы активтерін басқарудың драйвері атанған БЖЗҚ-ның табысы инфляцияға ұшырауға жақындап келеді.

Жалпы, еңбек етуге қабілетті тұрғындардың тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы жинағына аударуы заңмен міндеттеледі. Мұнан бөлек, жұмыс беруші тарапынан төленетін зейнетақы алымдары тағы бар. Яғни, тұрақты жұмыспен қамтылған адамдардың қамсыз қарттық кезеңіне қаржы жинауы мемлекеттік механизм тұрғысынан реттелген. Бірақ, бұл жердегі негізгі жауапкершілік жеке тұлғада. Қарапайым тілмен айтқанда, салымшы зейнетақы активтерін сақтап, көбейтетін қорды өзі таңдауға тиіс. Ал жинақтаушы қорларға қатысты зерттеуге қарасақ, еліміздің еңбеккерлердің 90 пайыздан астамы бір ғана компания - БЖЗҚ-ны таңдайтыны байқалады. 

Бұл жерде Ұлттық банктің ықпалындағы қаржы ұйымына деген сенім динамикасы бірнеше себепке байланысты болып отырғанын айтуымыз керек. Біріншісі, қор активтерін Үкімет жіті бақылап отыр. Бұған дейін зейнетақы жарнасынан жиналған қаржыны күмәнді секторларға инвестиция ретінде бағыттап, оның соңы халықаралық дауға дейін ұласқан мысалдар болған. Сондықтан, қазір бұл секторға Ұлттық банк те, Үкімет те екі шоқып, бір қарап отыр. Яғни, құрығы ұзын қадағалаушы органның ықпалы зор екенін түсінген салымшылар БЖЗҚ-дағы жинақ ақшаның ертеңіне аса алаңдамайтын сыңайда. Тәуекел жағдайында мемлекеттің далаға тастамайтынын жұрт түсінеді. Демек, зейнетақы активтерін жинақтауда адамдар жоғары пайызбен дивиденд төлейтін компанияларға емес, номиналды табысы тұрақты, тәуекелі төмен қаржы ұйымына жүгінеді. 

Ал нарықтағы нақты табыс, яғни инфляцияны шегергендегі жоғарғы нәтиже жеке компаниялардың көрсетіп отырғанын жоғарыда айттық.

Деп келгенде, зейнетақы жарнасынан да табыс табудың мүмкіндігі бар, бірақ оны халықтың өте аз бөлігі пайдаланып отыр деген пайым шығады. Бұл өз кезегінде отандық қаржы секторы мен қаражат иелерінің арасындағы сенім мен түсіністік қарым-қатынасының нәзік екенін көрсетеді. Екіншіден, адамдардың қаржылық сауаттылығының әлі де төмен екенін білдіреді. Ал сенім мен түсіністік тұрғысынан келгенде, адамдар қаржы институттары тарапынан болатын тәуекелден қорқады-мыс. Оған себеп те жоқ емес, осыған дейін тіпті мемлекеттің үлесі бар қаржы ұйымдары мен құрылыс компанияларына салынған жинақтар мен үлестердің желге ұшқаны жасырын емес. Сондай-ақ, қоғамда екінші деңгейлі банктердің де салымшыларын "лақтырып кетуі" қалыпты жағдай ретінде қабылданады.

Екіншіден, зейнетақы жинақтарының тек міндетті аударым түрі ғана емес, ол қаржының басқарушының қолындағы инвестициялық қаражат екенін адамдарға тәптіштеп түсіндіру мәдениеті жоқ. Кейде мұндай қаржылық сауаттылықты арттыруға мемлекеттік идеология мен қаржы ұйымдарының өздері де мүдделілік танытпайтын сияқты...

Екіншіден, салымшылардың қорды таңдауына қатысты қызығушылығына нақты математикалық есептеулермен жауап беретін тетік қалыптаспаған. Мысалы, жыл басындағы деректерден қаражат көлемі мен табыстылық арасында тікелей байланыстың жоқтығы анық көрінеді. Бұл жеке жинақтаушы қорларға тікелей қатысты. Мәселен, "Halyk Finance" ХБ ЕҰ компаниясындағы зейнетақы активтері басқа жеке ұйымдарға қарағанда көп болғанымен, табыстылығы жөнінен ең төменгі нәтиже көрсетті. Бұл компанияның нақты кірісі 8,96 пайыз ғана. Ал "Сентрас Секьюритиз" АҚ нарыққа ең аз қаражат салып, шамамен 5,3 млрд теңге, бірақ ең жоғары табыс - 16,72 пайыз кіріс алған ұйым болып отыр.

Әлбетте, бұл жерде компанияның бренді, беделі немесе қаржысының көлемі емес, қор нарығындағы стратегиясы мен тәуекел профиліне қатысты мәселе маңызды болып отыр. Ал осыны жіктеп, түсіндіріп беретін пропаганда жұмысы мүлдем жоқ деуге болады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.