"Әділет" партиясы Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда партияның II съезіне дайындық, өңірлік жұмысты күшейту және алдағы қызметтің басым бағыттары қаралды, - деп хабарлайды kznews.kz.
Жиында партия төрағасы Айбек Дадебай әділдік идеясының қоғамда барған сайын кең қолдау тауып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, партия төңірегіне еңбек адамдары, кәсіби қауымдастық өкілдері, жастар мен қоғам белсенділері топтасуда. Алдағы кезеңде өңірлерде тиімді ұйымдар құру, партиялық басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, сарапшылық және кадрлық әлеуетті күшейту міндеті тұр.
Сондай-ақ, Айбек Дадебай Мемлекет басшысының барлық прогрессивті күштерді Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асыру жолында біріктіру жөніндегі үндеуін қолдайтындарын айтып, партияның бұл бағытқа нақты бастамалар, ашық диалог және жауапты жұмыс арқылы үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Тоқетерін айтқанда, "Әділет" партиясының кезекті II съезі 14 - маусым күні, Астанада өтеді.
Айтпақшы, бұған дейін Қазақстандағы билеуші саяси ұйым саналатын "Аманат" партиясының да отырысы өткен болатын.Жиында партияның кезекті XXVI съезін өткізу туралы шешім қабылданды. Үлкен жиын 12- маусымда Астанада өтпек.
Сондай-ақ, партия төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық еткен жиын қорытындысында барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру жолында күш біріктіруге шақырған мәлімдеме қабылданған болатын.
Осыдан кейін қоғамда "Аманат" партиясы жаңадан құрылған "Әділет" партиясына қосылады деген болжамдар айтыла бастады.