Былтырғы есеп бойынша жалпы ел тұрғындарының 5 пайызы күнкөріс деңгейінен төмен табыс тапқаны белгілі болды.
Бұл халықаралық өлшемдермен алғанда төменгі деңгейде болғанымен, аймақтардағы әлеуметтік теңсіздікті білдіреді. Яғни, орташа республикалық көрсеткіш өңірлердегі нақты жағдайдың айырмашылығын толық ашып бере алмайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жекелеген өңірлерде төменгі табыс шегінің көрсеткіштері де әртүрлі екен.
Мысалы, кедейлік деңгейі ең жоғары аймақтардың тізімін Түркістан облысы бастап тұр. Өңірдегі тұрғындардың 8,7 пайызының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған. Мұнан кейінгі орында Абай облысы тұр. Аймақтың 7,7 пайыз тұрғыны кедейлік шегінде өмір сүріп келеді. Ал Жетісу облысындағы көрсеткіш 7,6 пайыз екен. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 7,2 пайыз, Ұлытау облысында 6,1 пайыз болып отыр. Ал Шымкент қаласында 5,5 пайызды көрсетсе, Жамбыл облысындағы кедейлік деңгейі 5,3 пайыз шамасында екен. Қызылорда облысында да жалпы тұрғындардың 5,2 пайыз кедейлер санатына кіреді-мыс.
Жария болған ресми деректер бірнеше маңызды факторды аңғартады. Біріншіден, халық табысының өңірлер арасындағы теңсіздігі әлі десақталып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына тәуелді немесе еңбек нарығы әлсіз аймақтарда әлеуметтік тәуекел жоғары. Екіншіден, урбанизация мен көші-қон қысымы да халықтың күнкөріс деңгейіне әсер етуде. Мысалы, Шымкент пен Маңғыстауда халық санының тез өсуі инфрақұрылым мен еңбек нарығына салмақ түсіріп отырғаны байқалған.
Жалпы, Қазақстан сияқты әлеуметтік мемлекет үшін кедейлік мәселесін тек әлеуметтік төлемдер арқылы шешу мүмкін емес. Негізгі мәселе тұрақты жұмыс орындарының аз болуы мен шағын және орта бизнестің толыққанды дамымауы мен өңірлік экономиканың әртараптандырылмауы сияқты себептерде болып отыр.
Дегенмен, ресми түрдегі 5 пайыздық көрсеткіш елдің әлеуметтік қорғау мен қолдау жүйесінің нәтижелі жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. Әсіресе, халықаралық салыстыруларда бұл цифр аса жоғары деп саналмайды. Ол елдің имиджін көтеріп, инвестициялық тартымдылығын арттырады дейді сарапшылар.
Алайда, атқарушы билік үшін өңірлік айырмашылықтардың ұлғаюы әлеуметтік саясаттың әділ әрі нысаналы болуына қатысты алаңдаушылық тудыруға тиіс.