Қазақстанда соңғы бір жыл ішінде Украина аумағында Ресей әскері қатарында соғысқандарға қатысты 700 қылмыстық іс қозғалған. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мұндай деректі «Прощай, оружие» жобасымен бірлесіп жүргізілген есепке сүйенген «Медиазона» басылымы жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот тәжірибесіне сәйкес, Қазақстан соттары жеке әскери компания «Вагнер» құрамында болған азаматтарға да, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасаған азаматтарға да бірдей үкім шығарады. Қазақстан қылмыстық кодексіне сәйкес, олар шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысып, қылмыстық ниетін жүзеге асырған деп танылады. Бұған дейін мұндай істер жылына оншақты ғана болған.
«Медиазона» мәліметінше, 2025 жылы украиналық «Хочу жить» жобасының деректері жарияланғаннан кейін қылмыстық істер саны күрт артқан. Әзірге Қазақстан билігі бұл деректерге ресми түсініктеме берген жоқ.
Журналистердің пайымдауынша, Ресей әскері соғысқа адам тартуда көбіне постсоветтік елдердің азаматтарына сүйенеді. Бұл тілдік кедергінің аздығы, көршілес мемлекеттерде орыс тілін білетін халықтың көп болуы және Ресейдегі мигранттар санының молдығымен байланысты.
Қазақстан билігі ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы соғысына бейтарап ұстанымда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте тараптарды келіссөздерге шақырып, араағайындық миссиясын жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеген.
2022 жылдың қарашасында Ресей президенті Владимир Путин шетел азаматтарын Ресей армиясы қатарына қабылдауға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған. Бұған дейін әскерге тек Ресей азаматтары алынатын, ал шетелдіктер тек келісімшарт негізінде қызмет ете алатын. 2023 жылдың көктемінде Путин соғыс уақытында Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасаған шетел азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алу мүмкіндігін қарастыратын тағы бір жарлық шығарды.
«Медиазона» мен BBC-дің орыс қызметінің хабарлауынша, Украинадағы соғыста Қазақстанның кемінде 200 азаматы қаза тапқан.