Соңғы бірер күнде әлеуметтік желілерде әсіресе, Threads платформасында қазақ жастарының ана тілінде жазып, сөйлеуге үндеуі жиі жариялана бастады. Яғни, тіл тақырыбы әлеуметтік талқылаудан саяси трендке айнала бастағаны байқалуда.
Бұдан қоғамда қазақ тілінің қолданылуына қатысты жұрт пікірі бір арнаға тоғысып келеді деп қорытынды жасауға болады. Демек, қоғамдық пікір, әсіресе жас буынның қазақ тіліне қатысты ұстанымы биыл күрт өзгергені анық. Және бұл өзгерісті саяси жүйе мен атқарушы-қызмет көрсетуші сектор үшін берілген ескерту сигналы ретінде қабылдау керек сияқты...
Жалпы, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, тіпті күнделікті тұрмыста да тіл мәселесі жиі талқыланады. Кей жағдайда жанжалға да ұласып жатады. Бір қарағанда, бұл — тілге деген махаббаттың белгісі сияқты. Алайда тереңіне үңілсек, қазақ тілі төңірегіндегі шиеленіс жеке лингвистикалық проблема емес, ол — қоғамдағы шешілмей келе жатқан қайшылықтардың көрінісі еді.
Рас, елімізде қазақ тілі Конституция бойынша мемлекеттік тіл саналады. Бірақ, іс жүзінде бұл мәртебе әрдайым сезіле бермейді. Азаматтардың бір бөлігі әлі күнге дейін мемлекеттік мекемелерде, банк, медицина, сауда саласында қазақ тілінде толыққанды қызмет ала алмай отырғаны жасырын емес.
Осы қарапайым, бірақ күнделікті қайталанатын жағдайлар әділетсіздік сезімін туғызады екен. Яғни, тілге қатысты мемлекеттік мәртебе қағаз жүзінде бар болып, өмірдегі қолданыста басқаша екені анық көрінген сайын, қоғамдық наразылық күшейе түсетін.
Бұл биліктің мазасын май ішкендей қашыратын мәселе болғанымен, көп жағдайда функционер-тұлғалар тақырыпты айналып өтуге тырысып келді. Рас, бір кездері саяси технологияға жауапты адамдардың қолымен қазақ тіліне қатысты қоғам ұстанымын елеусіздеу арнаға бұруға тырысу байқалды. Мысалы, қазақ тілінің мәртебесіне қатысты сындарлы көзқарасты "үңгір патриотизміне" теңеу, саяси сұхбаттардағы тілге қатысты талаптың негізсіздігін нұсқайтын месседждер, белсенділік шектеуінен асудың соңында жауапкершілік барын жұмсақ түрде ескерту сияқты сәттер кездесті және бұл үрдіс қазір де тоқтаған жоқ. Тіпті, қоғамда тілге қатысты талап үшін жазалау механизмі ашық қолданыла бастады деген пікір бар. Мысалы, журналист, қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлының қамауға алынып, қылмыстық іске тартылуын мемлекеттік тілде қызмет алу талабымен байланысты деген пікір жұрт ашуын туғызғаны анық.
Жалпы, қазақ тілінің Қазақстандағы дамуына қатысты саяси жүйенің көзқарасында түсініксіздеу ұстаным бар. Мұны сарапшылар биліктің ескі инерциядан арылмауынан көреді.
Яғни, билік қазақ тілінің бүгінгі ахуалына Кеңес дәуірінен қалған ұстаным бойынша қарайды-мыс. Әлі күнге дейін қазақша сөйлеуді ауылдың тұрмыс-тіршілігіндегі қарым қатынас құралы ретінде ғана қабылдау үрдісі бұзылмай отырғаны жасырын емес. Жұрт пікірі де Тәуелсіздіктің отыз төртінші жыл өтсе де сол инерция толық жойылған жоқ дегенге саяды. Әсіресе, қалалық орта, басқару жүйесі, іскерлік коммуникация әлі де бұрынғы дағдыдан арыла алмай келеді екен. Ал мәселенің бұлайша мызғымай тұруын сарапшылар да, әлеумет те саяси ерік пен жүйелі талаптың жетіспеуінен көреді.
Алайда, қазақ тілі бүгінде тек қарым-қатынас құралы ғана емес,ұлттық болмыстың, тарихи жадтың, егемендіктің символына айналғаны анық. Бұған дәл осы сәттегі әлеуметтік желілерде басталып, трендке айналған бұқаралық әрекеттер дәлел. Нақтыласақ, қоғамдық ортада мемлекеттік тілге немқұрайлы қарау немесе «ыңғайлы тілмен сөйлей салу» ұсынысы көпшілік үшін ұлтты менсінбеумен тең қабылданатыны байқалып отыр. Бұл адами эмоцияның күшеюіне де әсер етуде.
Яғни, әлеуметтік желінің ықпалы мен цифрлық дәуір тіл мәселесін бұрынғыдан да өткір етті. Және жалпыұлттық үрдіске айналдыра бастады. Әрине, мұндай үрдісте шынайы мәселе де туындайды. Әсіресе, арзан хайп пен әдейі ушықтыру да қатар жүруі кәдік. Соның салдарынан конструктивті диалог орнына айқай басым болуы мүмкін.
Дегенмен, тіл мәселесіндегі мұндай бетбұрыс билік пен қоғам арасындағы алшақтықтың жояды деген үміт бар. Әйтпесе, мемлекетте қазақ тілін дамытуға арналған бағдарламалар, тұжырымдамалар жеткілікті. Тілдерді дамытуға, оның ішінде мемлекеттік тілді насихаттау мен оқып-үйренуге жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп, игеріледі. Алайда, мықты талап, шын жауапкершілік, нақты нәтиже жиі байқалмайды. Демек, заң мен құжат қабылдау бір басқа, оны бұлжытпай орындау бір басқа. Бұл жерде Парламент пен атқарушы биліктің жауапкершілігі қатар тұрады. Ал нәтиже сезілмеген жерде қоғамның сұрағы көбейетіні белгілі.
Екіншіден, кейінгі жағдай тіл мәселесінде ұрпақтар көзқарасының қақтығысы да бар екенін көрсеткендей. Әсіресе, жаңа технология жетістіктері мен тіл меңгеруге қатысты мол мүмкіндікке ие жас буынның қазақ тілін талап ете бастауы ойлантады. Жастар енді ана тілінде сөйлеуге қатысты өз құқығын ашық талап етіп, көзқарасын нақты айтады. Бір қарағанда, бұл қоғамдағы тіл ұстанымын шиеленістіріп жібергендей. Бірақ, қазақ тіліне қатысты жағдайдың "шиеленісуі" тілдің әлсірегенінен емес, қоғам үшін маңызы артқанының белгісі ретінде қабылдануға тиіс.
Демек, ұлттық сана серпілісі жаңа кезеңге аяқ басты. Ендігі жерде тіл мәселесі жалаң айқаймен немесе қазақша сөйлейтіндер мен орыстілділерді қарсы қоюмен емес, жүйелі саясат пен күнделікті әділетті тәжірибемен шешілуі керек сияқты. Ал қазақ тіліне шын жанашырлық — оны талап ету ғана емес, қазақ тілінде сапалы қызмет көрсету, ғылым жасау, бизнес жүргізу, мәдениет қалыптастыру екенін естен шығармау да маңызды.