Вьетнамның Хошимин қаласында жоғалып кеткен қазақстандық Әсем Әубәкір табылып, қазір оны Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, бойжеткенді табуға Вьетнамдағы қазақстандық дипломаттар мен жергілікті құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген жедел шаралар көмектескен.
"Жүргізілген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде аталған азаматша табылды. Қазір ол тірі және жағдайы жақсы. Оның жанында Қазақстан консулы бар. Қазіргі уақытта бойжеткенді елге қайтару мәселесі қарастырылып жатыр", – деді Ерлан Жетібаев брифинг барысында.
Еске сала кетейік, 26 жастағы қазақстандық қыз 6 наурыз күні Вьетнамда жоғалып кеткен еді. Ол Ханой қаласына ұшатын рейске отыруы тиіс болған. Алайда әуежайға бара жатқан кезде байланыс үзіліп, содан кейін бойжеткеннен хабар болмай қалған.