Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір әулеттің бірінен соң бірі қаза табуына қатысты іс жаңа деректермен толықты. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті қылмысты кездейсоқ емес, алдын ала ойластырып жасаған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Полицияның Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында Сұлтан Сәрсемалиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаянның ұсталғаны расталды. Мәліметке сәйкес, күдікті Қазақстан ІІМ қызметкерлері мен шетелдік әріптестердің бірлескен жұмысы нәтижесінде Индонезиядағы Ломбок аралының Сенару ауылында қолға түскен. Ал онымен бірге жүрген, бұған дейін халықаралық іздеуде хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде көрсетілген бұрынғы әйелі де анықталған.
«Қазақстан ІІМ қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлесіп, Индонезиядағы Ломбок аралының Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстады. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдік келтіріліп отыр. Сонымен қатар, онымен бірге бұрын халықаралық іздеуге хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды», – делінген полицияның ресми жауабында.
Тергеу материалдарына сүйенсек, 66 жастағы Максот Қарабалин мен 64 жастағы Насип Өтешқалиеваның өлімі 2025 жылдың қарашасында болған. Алайда олардың денелері араға бірнеше ай салып, 2026 жылғы 6 қаңтарда ғана табылған. Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекеті ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниеттен туғанын алға тартып отыр.
«2025 жылғы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды өлтіруді алдын ала жоспарлап, қасақана жасаған. Қылмыстан кейін ізін жасыру үшін мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойып, сондай-ақ жәбірленушілердің ақшасы мен мүлкін иемденген», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Ал отбасының балалары – Наурыз бен Мирамгүлдің денелері 9 наурыз күні кешке Атырау маңындағы Геолог шағын ауданынан табылғаны белгілі болды. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, мәйіттер негізгі күдікті бұрын жалдап тұрған үйдің ауласынан шыққан. «Ақ Жайық» басылымы Сұлтан Сәрсемалиев Алматыға жеткізілген соң қылмысын мойындап, жерленген орынды өзі көрсеткенін жазды.
Осыған дейін тергеушілерде тек ата-анасының өліміне қатысты мәлімет болған. Олар Жангелдин ауылындағы сарай еденінің астынан табылған еді. Енді туыстары іздеп жүрген отбасы мүшелерінің бәрінің денесі табылып отыр. Бұл жайтты марқұмдардың жақындары да растаған.
Қаза тапқан отбасының туысы Әсилә Мұқанғалиеваның айтуынша, қазір Наурыз бен Мирамгүлдің денелері мәйітханада жатыр. Сараптама аяқталғаннан кейін жерлеу рәсімі өткізіледі.
«Қазір сот-медициналық сараптама өтіп жатыр. Егер бүгін кешке денелерді берсе, ертең жерлеу рәсімі өтеді. Оқиға орнында туыстар жүр, хабар күтіп отырмыз», – деді ол.
Сонымен бірге, күдікті Сұлтан мен Ақбаянның бес кәмелетке толмаған баласының жағдайы да қоғам назарында. Бұған дейін, 3 ақпанда олардың уақытша мемлекет қамқорлығына алынғаны хабарланған болатын. Ресми мәліметке сәйкес, үш бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, жасы 3 пен 1-дегі екі сәби арнайы сәбилер үйіне берілген.
10 наурызда Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бүлдіршіндердің әлі де мемлекет қамқорлығында екенін нақтылады. Алайда тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан, олардың алдағы тағдырына қатысты қосымша ақпарат жарияланбайтыны айтылды.
Марқұм ерлі-зайыптылар Жангелдин ауылында тұрған. Туыстарының сөзінше, екеуі де үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар болған. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, ауылдан ұзап шықпаған. Отбасында екі қыз және бір ұл тәрбиеленген.
Еске салсақ, 2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға туыстары отбасының түгелге жуық жоғалып кеткені туралы хабар берген. Сол кезде ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы – 32 жастағы Наурыз бен 35 жастағы Мирамгүлдің қараша айынан бері байланысқа шықпағаны айтылған еді. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.