Белгілі журналист Руслан Өтепбай 17 жыл бойы аға-жеңгесінің қорлығында болған Құндыз бен Назгүлдің қазіргі жағдайы туралы жақсы жаңалықты бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналисттің айтуынша, соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары апалы-сіңлі қыздардың жағдайын жиі сұрап, алаңдаушылық білдірген. Осыған байланысты ол арнайы Тараз қаласына барып, қыздардың хал-жағдайын біліп қайтқан.
"Соңғы күндері көп оқырман апалы-сіңлі Назгүл мен Құндыздың жағдайын сұрап, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Соған орай арнайы Тараз қаласына барып, қос қарындасымның жағдайынан хабар алып қайттым. Қазір қыздар Тараз қаласындағы арнайы орталықта ем қабылдап, сонда тұрып жатыр. Жағдайлары жақсы, көңіл-күйлері көтеріңкі. Орталықта оларға ем-дом жасалып қана қоймай, жатын орынмен де толық қамтамасыз етілген", – деп жазды Руслан Өтепбай.
Руслан Өтепбайдың айтуынша, қыздардың жағдайы жақсы, көңіл-күйлері де көтеріңкі. Журналист қыздарды өз қамқорлығына алып, құжат рәсімдеуді де ойлағанын айтты. Алайда бойдақ болғандықтан, заң талаптарына байланысты белгілі бір қиындықтар туындаған.
"Дегенмен ең бастысы апалы-сіңлі қазір қауіпсіз ортада, дәрігерлердің және мемлекеттің бақылауында. Ал мен дәл осылай ара-кідік жағдайларын білуге келіп тұрамын", – деді журналист.
Қоштасар сәтте Құндыз бен Назгүл журналист арқылы халыққа сәлем жолдаған.
"Біз үшін алаңдап жүрген барша қазақ еліне сәлем айтыңызшы", – деген өтініш білдірген қыздар.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Құндыздың аяқ-қолы байланған суреті тарағаннан кейін қоғамда үлкен резонанс туындаған еді. Осы оқиғадан кейін Руслан Өтепбай Таразға барып, мәселенің мән-жайын өз бақылауына алған.
Қазіргі уақытта апалы-сіңлі қыздар бұрын тұрған үйден арнаулы әлеуметтік орталыққа көшірілген. Алдағы уақытта олардың жағдайына сай тұрақты әрі қолайлы орта қарастыру жоспарланып отыр.
Журналист сондай-ақ қыздарға жанашырлық танытып, қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.