2001 жылдың 11 қыркүйегі қазіргі заман тарихындағы ең қайғылы күндердің біріне айналды. Терактілер 2 977 адамның өмірін қиып, қауіпсіздік, барлау және терроризммен күрес салаларындағы тәсілдерді ондаған жылдарға өзгертті. Tengrinews.kz әлемді мәңгілікке өзгерткен сол бір қасіретті оқиғаларды еске түсіреді.
Өзгелерден еш айырмашылығы болмаған таң
2001 жылдың 11 қыркүйегі әдеттегі жұмыс күні болып басталды. Нью-Йоркте жұртшылық Дүниежүзілік сауда орталығындағы кеңселеріне асықса, Шығыс жағалау әуежайларында жолаушылар Калифорнияға ұшатын рейстерге отырып жатқан еді.
Сағат 07:59-да Бостоннан бірінші болып American Airlines әуе компаниясының 11-рейсі ұшып шықты. 15 минуттан кейін сол жерден United Airlines-тың 175-рейсі аттанды. Тағы екі ұшақ - American Airlines-тың 77-рейсі мен United Airlines-тың 93-рейсі Вашингтон мен Ньюарк әуежайларынан көкке көтерілді.
Сағат 08:46-да 11-рейс Дүниежүзілік сауда орталығының солтүстік мұнарасына соғылды.
Алғашқыда не болғанын ешкім түсінбеді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция аттанды, ғимараттан адамдарды эвакуациялау басталды. Флоридада болған Президент Джордж Бушқа алғашқы хабарлама "авиациялық апат" ретінде жеткен. Алайда бірнеше минуттан кейін бұл оқиғаның қайғылы кездейсоқтық емес екені белгілі болды.
Бәрін өзгерткен 17 минут
Сағат 09:03-те екінші ұшақ - United Airlines-тың 175-рейсі оңтүстік мұнараға соғылды. Енді ешқандай күмән қалмады: АҚШ террористік шабуылға ұшырады.
Екінші соққының кадрлары іле-шала тікелей эфирден көрсетілді. Теледидар қосқан миллиондаған адам Нью-Йорктегі жағдайды өз көзімен көрді. Сол сәтте құтқарушылар адамдарды сыртқа шығару үшін мұнаралардың ішінде жүрген еді.

Террористердің үшінші нысанасы - Пентагон
Сағат 09:37-де үшінші ұшақ діттеген жеріне жетті. American Airlines-тың 77-рейсі Вашингтон маңындағы АҚШ Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері - Пентагонға соғылды.
Ғимаратта өрт басталды. Осы уақытқа дейін үш ұшақ террористердің қолында қаруға айналып үлгерген еді. Бірақ төртінші ұшақ әлі әуеде болатын.
Жолаушылар қарсылық көрсетуді ұйғарды
United Airlines-тың 93-рейсінің жолаушылары шабуылдар туралы туыстары мен таныстарымен телефон арқылы сөйлесу кезінде білген. Олар содырлардың ұшақты Вашингтондағы кезекті нысанаға бағыттамақшы екенін түсінеді.
Бірнеше жолаушы мен экипаж мүшелері ұшқыштар кабинасына басып кіруге әрекеттенді. Сағат 10:03-те ұшақ Пенсильваниядағы Шанксвилл маңындағы жазық далаға құлады. Борттағылардың барлығы қаза тапқан.
93-рейс басып алынған төрт ұшақтың ішіндегі көздеген нысанасына жетпеген жалғыз ұшақ болды.
Дүниежүзілік сауда орталығының мұнаралары қалай құлады?
Сағат 09:59-да Дүниежүзілік сауда орталығының оңтүстік мұнарасы құлады. 29 минуттан кейін, яғни сағат 10:28-де солтүстік мұнара да жермен-жексен болды.
Бір жарым сағат ішінде Нью-Йорктің ең танымал екі нышаны үйіндіге айналды. Манхэттенді шаң мен түтін бұлты басып, мыңдаған адам қауіпті аймақтан қашуға тырысты, ал құтқарушылар өз бастарын қатерге тігіп, апат ортасына қарай ұмтылды.
Сағат 17:20-да кешеннің тағы бір ғимараты - Дүниежүзілік сауда орталығының 7-ші корпусы құлады.
11 қыркүйектегі терактілер кімдердің өмірін қиды
Шабуылдар салдарынан 2 977 адам қаза тапты. Құрбандардың басым бөлігі Нью-Йоркте болған еді. Қайтыс болғандардың арасында Дүниежүзілік сауда орталығының қызметкерлері, ұшақ жолаушылары, полицейлер, өрт сөндірушілер мен медицина мамандары бар.
Тағы 40 адам 93-рейстің бортында, ал 184 адам Пентагон мен 77-рейс бортында опат болды. Бүгінде олардың есімдері Нью-Йорктегі 11 қыркүйек мемориалында қашап жазылған.
11 қыркүйек әлемді қалай өзгертті?
Шабуылдардың салдары жаһандық сипатқа ие болды.
АҚШ ұлттық қауіпсіздік жүйесін толықтай қайта қарап, әуежайлардағы бақылауды күшейтті және арнайы қызметтердің өкілеттігін кеңейтті. Көп ұзамай Ауғанстанда "Әл-Каидаға" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) және "Талибан" қозғалысына қарсы әскери операция басталды.
Америкалықтардың күнделікті өмірі де өзгерді - әуежайдағы тексерістен бастап, жалпы қауіпсіздік пен терроризм мәселелеріне деген көзқарасқа дейін түбегейлі жаңарды. АҚШ-тың сыртқы саясаты үшін де 11 қыркүйек жаңа дәуірдің бастау нүктесіне айналды.
"Әл-Каида" содырлары жасаған террорлық актілер АҚШ пен оның одақтастарының XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы сыртқы және ішкі саясатын айқындаған оқиға болды. Одан кейін басталған терроризммен күрес Атлант мұхитының екі жағындағы барлау қызметтерінің, құқық қорғау органдары мен әскери құрылымдардың жұмысын өзгертті.
Қайғылы оқиғадан кейін Конгрестің арнайы комиссиясы бұл жағдай тек ақпараттың жетіспеушілігінен ғана емес, оны дұрыс бағалай алмаудың салдарынан болды деген қорытындыға келді. Комиссия баяндамасында "қиялдың, саясаттың, мүмкіндіктер мен басқарудың сәтсіздіктері" туралы айтылған.
Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) мен ФБР-да алдағы уақытта жасалатын қастандықты көрсететін жекелеген мәліметтер болған. Алайда ведомстволар ақпаратпен толық алмаса алмай, оның маңыздылығын дұрыс бағаламады және қажетті іс-қимылдарды жасамады. Дәл осы қорытынды 11 қыркүйек оқиғасының басты сабақтарының біріне айналды.
АҚШ терактілерге қалай жауап берді?
Терактілерден кейін бірден АҚШ-та бұл шабуыл тек бастамасы ғана деген қорқыныш болды. "Әл-Каиданың" өзі шабуылдардың жаңа толқынын, соның ішінде ұшақтарды қолдана отырып дайындап жатқанын мәлімдеген еді.
Осы қауіптердің аясында АҚШ пен оның одақтастарының арнайы қызметтері күдіктілерді жаппай ұстай бастады.
Көптеген адам Ауғанстан мен Пәкістанда өте әлсіз күдіктер негізінде ұсталды. Жүздеген адам әлемнің жартысын айналып Кубадағы Гуантанамо әскери-теңіз базасындағы түрмеге жеткізіліп, сол жерде сотсыз қамалды. Құқық қорғау ұйымдары бұл жағдайды АҚШ беделіне түскен үлкен дақ деп атады.
Кейінірек Ирак пен Ауғанстандағы америкалық әскерилердің бақылауында болған тұтқындарды азаптау және оларға қатыгездік көрсетудің көптеген жағдайы белгілі болды. Кейбір кінәлілер жазаға тартылғанымен, сыншылар жоғары лауазымды тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетті деп мәлімдеді.
Гуантанамо АҚШ-тың терроризммен күрес саласындағы даулы саясатының символы болып қала береді.
25 жылдан кейін әлем бұл қайғылы оқиғаны қалай еске алды?
Бүгінде миллиондаған америкалық үшін 11 қыркүйек жеке трагедия мен еске алу күні болып қала береді. Сонымен қатар ширек ғасыр ішінде бұл күн туралы тек мұрағаттық кадрлар мен оқиғаға куә болғандардың айтуы бойынша ғана білетін тұтас бір ұрпақ өсті.
Бұл күн қазіргі тарихтағы ең маңызды күндердің бірі болып қала береді. 2001 жылғы 11 қыркүйек екі дәуірдің – терактілерге дейінгі әлем мен одан кейінгі әлемнің арасындағы шекара ретінде қабылданған.
25 жылдан кейін америкалықтар қаза тапқандардың есімдерін тағы да атап, сол күні өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгелерді құтқаруға аттанғандарды еске алады
11 қыркүйек құрбандарын еске алуға арналған ерекше акция
11 қыркүйектегі терактілердің 25 жылдығы қарсаңында Нью-Йорк аспанында дрондардың қатысуымен ауқымды инсталляция өтті. Белгілі бір сәтте жарық конструкциялары Дүниежүзілік сауда орталығы мұнараларының бейнесін жасап шығарды.
Шоуда 2 977 жарық пайдаланылды – бұл шабуылдар салдарынан қаза тапқан әрбір адамның құрметіне арналған. Бір сәтте оттар бірігіп, егіз мұнаралардың бейнесін қалыптастырып, олардың 2001 жылғы қайғылы оқиғаға дейінгі архитектуралық келбетін көрсетті.
Инсталляция Ground Zero мемориалдық кешенінің аумағында жыл сайын өткізілетін теракт құрбандарын еске алу рәсімі қарсаңында ұйымдастырылған.