Бектеновтың айтуынша, егер белгілі бір тауар Қазақстанда өндірілсе, оны сатып алмай, шетелден импорттау мемлекет мүддесіне қайшы келеді.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елімізде шығарылатын өнімдерге, оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты қорғау – Үкіметтің экономикалық саясатының теңдессіз басымдығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, күшті әрі бәсекеге қабілетті нақты сектор мен отандық тауар өндірушілерге арқа сүйемей, қуатты экономика құру мүмкін емес. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру аясында биыл Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 триллион теңгені құрайтын 200-ге жуық жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Біздің міндетіміз – отандық зауыттар мен фабрикалар үшін өнімдерін тұрақты өткізуге, қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге және әділ бәсекелестік жағдайларына кепілдік беру», - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, егер белгілі бір тауар Қазақстанда өндірілсе, оны сатып алмай, шетелден импорттау мемлекет мүддесіне қайшы келеді.
«Мұны үзілді-кесілді айту керек. Өңір басшылары мен үкімет мүшелері, осыны ескеріңіздер», – деп ескертті Олжас Бектенов.