Бүгін, 13 наурыз - жаңа Конституция жобасы бойынша үгіт-насихат науқанының соңғы күні. Ертеңгі сенбі, 14 наурызда дәстүрлі "тыныштық күні" сақталады. Ал 15-наурыз, жексенбі күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтеді.
Жалпы, қазақ елі тағы бір маңызды саяси кезеңге аяқ басқалы отыр. Өйткені, 15-наурыздағы референдумда дауыс беру тек құқықтық құжатты жаңарту ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның алдағы саяси моделін анықтайтын шешім болмақ.
Сәл шегініс жасасақ, Конституциялық өзгерістер туралы пікірталас Қазақстанда бірнеше жылдан бері жүріп келеді. Мәселен, 2025 жылғы тамызда Конституцияның 30 жылдығына арналған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы реформаны Қазақстанның конституциялық дамуы тарихындағы ең мазмұнды өзгерістердің бірі деп бағалады.
Сол кезде мемлекет басшысы жаңа Конституция қабылдау туралы ұсыныстар болғанын мойындады. Бірақ, ол 1995 жылғы Конституцияның негізін сақтай отырып реформалау жолын таңдағанын айтты. Бұл шешім саяси тұрақтылық пен мемлекеттік институттардың сабақтастығын сақтау қажеттілігімен түсіндірілді.
Алайда, арада бірнеше ай өткен соң жағдай өзгерді. Қаңтар айында жаңа Конституция жобасын қабылдау туралы бастама пайда болып, өте қысқа мерзім ішінде қоғамдық талқылауға шығарылды. Осылайша, бастапқыда эволюциялық сипатта ұсынылған реформа күтпеген жерден жүйелік өзгеріске айналды.
Жаңа конституциялық жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі мемлекеттік басқару құрылымын қайта қарау екені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында бір палаталы парламент құру мәселесін талқылауды ұсынған болатын. Ол кезде бұл мәселені кемінде бір жыл талқылау керек екені айтылып, ықтимал референдум 2027 жылға жоспарланған еді.
Бірақ, Ұлттық құрылтай отырысында жарияланған жаңа ұсыныстар саяси жүйені әлдеқайда кең ауқымда өзгертуді көздейтінін көрсетті. Олардың ішінде бір палаталы парламент Құрылтай деп аталатыны белгілі болып, екі жаңа қоғамдық институт - Халық кеңесі органы мен вице-президент қызметі енгізілетіні де айтылды.
Бұл бастамалар мен ұсыныстар Қазақстандағы билік жүйесін қайта конфигурациялауға бағытталғанын аңғартады. Мұндай өзгерістер саяси жауапкершіліктің жаңа үлгісін қалыптастыруы мүмкін. Бірақ, сонымен бірге билік тармақтарының тепе-теңдігі туралы сұрақтарды да туындатқаны рас.
Арада біраз уақыт өткесін, жаңа Конституция жобасын қолдау үшін "Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін" атты коалиция құрылды. Оның құрамына барлық парламенттік партиялар мен жүздеген қоғамдық ұйымдар кірді. Коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов жаңа құжатты "халықпен бірге жазылған халықтық Конституция" деп сипаттады. Саяси тұрғыдан алғанда бұл мысал билік элитасының конституциялық реформаны қолдауда жоғары деңгейде бірігуін көрсетеді. Мұндай консолидация референдум нәтижесінің болжамды болуына әсер етуі мүмкін.
Жалпы, референдум алдындағы кезеңде қоғамдық пікір алаңында да белсенді пікірталас байқалды. Әсіресе, жаңа Конституциядағы кейбір терминдердің өзгеруіне қатысты түсінбеушіліктер тарады. Мысалы, "тегін" медициналық қызмет немесе "жыл сайынғы демалыс" ұғымдарының қолданылуына байланысты түрлі интерпретациялар пайда болды. Мемлекеттік органдар бұл мәселелер бойынша бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты да қызу талқылау жалғасты. Нәтижесінде қазақ тілінің ресми қолданылуына байланысты "тең" және "қатар" ұғымына түсінік берілді.
Айтпақшы, құқық қорғау органдары жалған ақпарат пен арандатушылыққа қарсы қарқынды шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл жағдай референдум тек құқықтық мәселе ғана емес, сонымен бірге ақпараттық-саяси күрес алаңы екенін де көрсетеді.
Қалай болғанда да бұл референдумның стратегиялық маңызы зор. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бірнеше міндеттер бірден айқындалады-мыс. Біріншіден, жаңа Конституцияны жалпы халықтың таңдауы елдің саяси жүйесінің болашақ моделін анықтайды. Екіншіден, референдум билік пен қоғам арасындағы саяси келісімнің деңгейін көрсететін индикатор болуы мүмкін. Үшіншіден, жаңа Конституция қабылданса, Қазақстанда институционалдық реформалардың жаңа кезеңі басталуы ықтимал.
Демек, еліміз тағы бір тарихи таңдау мен саяси шешімнің алдында тұр. Жалпы, Конституция жинағы кез келген мемлекеттің құқықтық құрылымының негізі ғана емес, тұтас елдегі саяси дамудың философиялық көрінісі екені анық.
Сондықтан, алдағы жексенбі, 15 наурыздағы референдум тек заң мәтінін өзгерту емес, елдің басқару жүйесі мен саяси даму бағыты туралы таңдау болады деген сенім бар.