Қазақстанда бөліп төлеу мен тұтынушылық қарызға тым арқа сүйеп кеткен халыққа қатысты қатаң шаралар қабылдануда. Мемлекет азаматтардың шамадан тыс несие алуын тежегісі келеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы қазан айында банктердің халыққа берген кредиттер портфелі 24 триллион теңгеден асып кеткен. Бұл – жыл басымен салыстырғанда 16,2%-дық өсім. Қарыз құрылымында ең үлкен үлесті – кепілсіз, бірақ пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары тұтынушылық несиелер алады (16,2 трлн теңге). Ал ипотекалық кредиттер айына небары 1,3%-ға өсіп, 6,7 трлн теңгені құраған.
Осы ахуалға байланысты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметпен бірлесе отырып, бөлеп төлеу (рассрочка) және BNPL-сервистерін реттеу бойынша жаңа ережелер әзірленіп жатқанын хабарлаған еді. Жаңашылдықтар келесі жылдан бастап күшіне енуі мүмкін.
Алайда банктер шектеуді күтпей-ақ, қазірден бастап несие беруді қатайтып отыр. Себебі Қаржы реттеушісі "тәуекелі жоғары" заемшыларды анықтаудың жаңа критерийлерін жариялады. Бұл тізім айтарлықтай кеңейген.
Енді жоғары тәуекелді топқа келесілер кіреді:
- кредиттік тарихы 3 жылға жетпегендер;
- соңғы 12 айда 3 АЕК-тен жоғары төлемді 30 күннен аса кешіктіргендер;
- үш және одан көп қаржы ұйымында өтелмеген қарызы барлар;
- ай сайынғы төлемі ресми табысының 45%-ынан асатындар;
- кредиттік тарихында жағымсыз белгілері бар азаматтар;
- табысының көзін құжатпен растай алмайтындар.
Мұндай адамдарға енді несие беру шектелуі мүмкін. Агенттік бұны халықтың қарыздық жүктемесін азайту және тұтынушылық кредиттің шамадан тыс өсуін тоқтату үшін жасап отыр. Демек, бұрын кез келген тауарды бөліп төлеуге рәсімдеп ала беретін кезең аяқталуға жақын.
Үкімет те бұған байланысты нақты тапсырма берген. Премьер-министр Олжас Бектенов банктер мен сауда орындары тауардың бөліп төлеудегі нақты құнын ашық көрсетуі қажет екенін айтты.
Алайда нарық сарапшылары мұндай әкімшілік шаралардың толық нәтиже бермейтініне сенімді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының пікірінше, бөліп төлеуге тыйым салынса, артық төлем тауардың өз бағасына “жасырын” түрде енгізіледі. Бұл тәсіл қазірдің өзінде кең таралған: “0% артық төлем” деген жарнама болғанымен, тауар бағасы алдын ала қымбаттатылады.
Соған қарамастан, сарапшылар Үкіметтің бөліп төлеу кезіндегі барлық төлемдерді ашық көрсету талабы дұрыс екенін айтады. Тұтынушылар көбіне ай сайынғы төлемге қарап, соңғы чектің қанша болатынын ескермейді. Егер нағыз құнын білсе, артық тауар алуға деген құлшыныс төмендеуі мүмкін.
Бұл шара не береді?
– Импульсивті әрі қажетсіз сатып алулар азаяды;
– Қымбат брендтерге сұраныс төмендеп, нарықтағы бәсекелестік артады;
– Адамдар тауардың “рассрочкалық” емес, нақты бағасын саралап таңдай бастайды.
Көп жағдайда "нөлдік төлем" маркетингі арқасында қымбат техника арзан баламаларынан озып кететін. Халық таудыры арзанын емес, "рассрочкасы барын" іздейтін. Енді бұл жағдай өзгеруі ықтимал.
Мұндай мысалды елордалық зейнеткер Болат ағайдың жағдайы да дәлелдейді. Балалары сыйлаған кофемашинаның бағасы шамамен 600 мың теңге болғанын естігенде таң қалғанын айтады. Дәл сондай функционалды модель екі есе арзан тұрған. Бірақ балалары "рассрочканың барын" көріп, қымбатын алған.
Үкімет осыдан кейін халықтың тұтынушылық әдеті өзгереді деп күтеді: адамдар бірден сатып алуға немесе сатып алуды кейінге қалдыруға шешім қабылдайды.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы дүкендердің әр тауарға екі баға қоюы керек екенін еске салады:
– толық төлеммен сатылатын баға;
– бөліп төлеумен сатылатын баға.
Алайда бұл талаптың орындалуын бақылау тетігі әлі нақтыланбаған. Сауда орындары бір бағаны көрсетіп, “рассрочкада” басқа соманы қолданса – заңда нақты жаза қарастырылмаған.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, ЕО-да қабылданған CCD2 директивасы барлық пайыздар, комиссиялар мен міндетті төлемдерді "кредиттің толық құнына" енгізуді талап етеді.
Бұл өзгерістің кімге ауыр тиеді?
Әсіресе әлеуметтік әлжуаз топтар мен бейресми түрде жұмыс істейтін адамдарға. Halyk Finance өкілі Мадина Кабжалялованың айтуынша, 2 миллионнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың табысы төмен әрі расталмайтындықтан, олар тұрмыстық техниканы бөліп төлеумен ала алмай қалуы мүмкін.
Бұл нарықтағы мақұлданған өтініштер санын азайтып, тұтынушылық несие көлемінің “салқындауына” әкеледі.