Орталық референдум комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция қабылданды деп танылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
"Республикалық референдум туралы коституциялық заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша, атап айтқанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша шешім егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептелінеді", - деді ол.
Комиссия төрағасының айтуынша, әр өңірде осы шешімді жақтап азаматтардың басым көпшілігі дауыс берген.
"Осылайша, Республикалық референдум туралы заңнамадағы елдің 20 өңірінің үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беруі туралы талап сақталды. Сондықта жаңа Конституция қабылданды деп танылады. Референдумға қатысуға құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны 12 млн 482 мың 613 адам. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны — 9 млн 127 мың 192 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады, - деді комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, дауыс берген азаматтар саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 666 адам немесе 87,15 пайыз болды.
"Референдумға қойылған мәселені қабылдамаған азаматтар саны — 898 099 адам. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны — 127 868. Белгіленбеген үлгідегі сондай ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны — 146 558. Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады", - деді Нұрлан Әбдіров.