Бүгінде әлемде шамамен 50 миллион адам мәжбүрлі еңбекке немесе мәжбүрлі некеге тартылған. Бұл – қазіргі құлдық мәселесінің нақты көрінісі, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан бойынша 2021 жылғы бағалау дерегіне сәйкес, әр мың тұрғынға шаққанда 11,1 адам осындай тәуекел аймағында болған. Бұл шамамен 208 мың адам деген сөз. Ал World Population Review платформасының деректерінде Қазақстандағы адам саудасы көрсеткіші де 11,1/1000 деп берілген. Яғни мәселе жоқ емес және алаңдатарлық.
Бала саудасы көбейіп тұр
Ресми мәліметтерге сүйенсек, адам саудасына қатысты қылмыстар саны соңғы жылдары күрт артқан.
2022 жылы шамамен 150 іс тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 357-ге жеткен. 2025 жылы 298-ге төмендегенімен, ең алаңдатарлық үрдіс - балалар саудасының өсуі.
Мысалы, балаларға қатысты қылмыстық істер 2024 жылғы 9 жағдайдан 2025 жылы 31 іске дейін көбейген.
Сонымен қатар Алматы қаласында жаңа туған сәбилерді әлеуметтік желі арқылы сату схемасы анықталып, шамамен 20 қылмыстық іс қозғалған. Бұл адам саудасы интернет кеңістігіне де белсенді көшкенін көрсетеді.
«Алтын үшбұрыш»: жалған жұмыс уәдесінен мәжбүрлі қылмысқа дейін
Қазақстан азаматтары жиі тап болатын тағы бір қауіпті бағыт - Оңтүстік-Шығыс Азия.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, 2022 жылдан бері Таиланд және Вьетнам елдеріндегі дипломатиялық өкілдіктерге 55 қазақстандық көмек сұрап жүгінген. Негізгі бағыттар - Мьянма, Камбоджа және Лаос.
Ал Таиланд көбіне транзиттік ел ретінде пайдаланылады.
Сценарий әдетте бірдей: әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде «жоғары жалақы», «жеңіл жұмыс» деген жалған вакансиялар таратылады. Ал барған соң адамдар еңбек қанауына немесе онлайн алаяқтыққа тап болады.
Бұл құбылысты UNODC те атап өткен: ұйымның есебінде аймақтағы кибералаяқтық орталықтары адамдарды дәл осылай «мәжбүрлі қылмысқа» тартып отырғаны көрсетілген.
Некеге мәжбүрлеуге де немқұрайды қарамау керек
Қазақстанда адам саудасына қарсы арнайы заң 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді. Ол алдын алу, қудалау, құрбандарды қорғау және серіктестікке негізделген кешенді тәсілді бекітті.
Ал 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап некеге мәжбүрлеу жеке қылмыс ретінде заңға енгізілді.
ІІМ дерегінше, адам саудасына байланысты қылмыстар үшін ең жоғарғы жаза 18 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. 2025 жылдың басынан бері осы санат бойынша 43 адам сотталған.
Психолог Сымбат Абдрахманова жастардың (14-29 жас) эмоцияға тез беріліп, тәуекелге бейімділігі алаяқтардың басты нысанасына айналып отырғанын айтады.
Мемлекет жәбірленушілерге қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанына қарамастан 8 түрлі кешенді көмек көрсетеді. Ал күмәнді жағдайларда 102 немесе 116 16 нөмірлеріне хабарласу ұсынылады.