Қостанайдағы колледждердің бірінде жаңа оқу жылының басталуына арналған шара кезінде «Матушка Земля, святая Русь» әнінің қойылғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде болған. Видеода оқу орны қабырғасында ұйымдастырылған іс-шара барысында аталған әннің шырқалып жатқаны көрінеді.
Кадрлар желі қолданушыларының назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды. Бірқатар адам оқу орнында өзге мемлекеттің тарихы мен идеологиясына қатысты әннің орындалуына алаңдаушылық білдірген.
«Қостанайда қандай "қасиетті Русь" болуы мүмкін? Қарасам, Қостанайда патриоттар жоқ сияқты», – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.
Тағы бір қолданушы Ресейдің тауарлары мен өнімдеріне қатысты пікір білдірсе, кейбірі колледждегі жағдайды тексеру қажеттігін алға тартқан.
«Колледжде өзге мемлекеттің насихаты бар-жоғын тексеру керек», – деген пікір де жазылған.
Әзірге Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжі әкімшілігінің аталған видеоға қатысты ресми түсініктеме бергені туралы ақпарат жоқ. Оқиғаның қандай жағдайда болғаны және әннің не себепті таңдалғаны әзірге белгісіз.