Алматы облысында екі стоматологиялық клиника басшысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын заңсыз иемденгені анықталды. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл факт Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен жүргізілген тексеру кезінде белгілі болған. Тексеру нәтижесінде медициналық ұйымдар көрсетілмеген қызметтер үшін мемлекеттен 65,9 млн теңге алғаны анықталған.
Прокуратура мәліметінше, клиникалардың басшылары пациенттердің дербес мәліметтерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге жалған ақпарат енгізген. Атап айтқанда, туа біткен патологиясы бар балаларға іс жүзінде көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер көрсетілді деген мәлімет тіркелген.
Осы жалған ақпарат негізінде МӘМС қорының қаражатынан клиникаларға төлем жасалған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен қылмыстық іс тіркелген.
Сот шешімімен кінәлі тұлға сотталған. Мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңге көлеміндегі шығын толық өтелді.
МӘМС қорынан 3,5 млрд теңге заңсыз шығарылған: 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр
Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорынан 3,5 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығару дерегі бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Агенттік мәліметінше, тергеу барысында 140 мыңнан астам азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелгені және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтердің ақпараттық жүйелерге енгізілгені анықталған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.
Жетісайдағы іс: 500 млн теңгеден астам шығын
Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, МӘМС аясында бөлінген қаржы ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің банктік шоттарына аударылған.
Аталған кәсіпкерлердің ауруханамен келісімшарт жасамағаны анықталған. Тергеу мәліметінше, олардың деректемелері бюджет қаражатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған.
Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асқан. Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған.
Бұған дейін қандай үкімдер шықты?
Осыған дейін Астанада «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы МӘМС қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Ал оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды медициналық ұйымға заңсыз тіркеуге қатысты өтінімдерді мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, қылмыстық схема арқылы клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркеліп, «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтері рәсімделген.
Сонымен қатар Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында пациенттерге шын мәнінде ешқандай медициналық қызмет көрсетілмегені анықталған. Ал жалған құжаттарды рәсімдеу кезінде дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.
619 еркек маммограммадан, 768 827 ер адам әйел ауруларына скринингтен өткен
Жыл басында Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Осыдаен кейін Олжас Бектенов ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылғы 18 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қызметін талдау туралы тапсырма берді.
Талдау қорытындысы бойынша қаржы министрі Мәди Такиев бюджеттік шығыстардың өсуіне қарамастан (2026 жылы осы мақсаттарға арналған шығыстар 2,4 трлн теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге артық) Қордың тиімділігі артпай тұрғанын баяндады. Бұл ретте 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 млрд теңге болған.
Талдауға көрсеткендей, қаражаттың едәуір бөлігі қор активтерінде жинақталады және медициналық қызмет көрсетуге жұмсалмайды. Қаржы министрлігі жүргізген медициналық қызмет көрсетудің ақпараттық жүйелерінің IT-аудиті бірқатар жүйелі заңбұзушылықты анықтады: жалған пациенттерді тіркеу (контингент тіркелген кезде 1 мың адам болғанмен, іс жүзінде медициналық қызметке 500-і жуық жүгінеді, алайда төлем бүкіл контингент үшін жүргізіледі); азаматтарға өздеріне тән емес медициналық қызметтерді көрсету; МӘМС және жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыру қаражаты есебінен бірдей қызметтерді қосарлана қаржыландыру; қысқа мерзімде медициналық қызметтердің «әдеттен тыс» көп көлемін көрсету; қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету; балаларға күніне мыңнан астам дәрі-дәрмектерді жазып беру және т. б.
Қаржы министрі Мәди Такиев нақты сандар мен мысалдар келтірді. Жекеменшік клиника бір күнде 1 442 пациент қабылданған, ал бір күнде орташа есеппен 24 адамға дейін қабылданды (6 сағаттық жұмыс күнінде 1 пациентке 15 минут). Сол клиникада басқа дәрігер бір айда 4 832 науқасты қабылдаған (Астана қаласы); Бір маманда бір айда 1 713 емдеу жасаған жағдай тіркелген, жекелеген күндері – тәулігіне 300-400 тексеру жасаған (Астана қаласы).
996 қайтыс болған пациентке медициналық қызмет көрсетудің 3 640 оқиғасы анықталды, мысалы 2023 жылы қайтқан адамды 2025 жылы қабылдауға жазған, (қайтыс болғаннан кейін 2,5 жыл өткен соң).
1,8 млрд теңгеге пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің 769 446 жағдайы тіркелді. Мәселен, 768 827 ер адам әйел ауруларына (жатыр мойны обырына) скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Тек бір аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталды (Алматы облысы).
Балаларға арналған дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған тіркеудің 68 717 жағдайы нақтыланды. Диксимид препараты бойынша екі балаға 126 мың жазба тіркелген, яғни әрқайсысына 63 мың реттен есептен шығарылған (Жетісу облысы);
Бір пациентке бір тәулік ішінде дәрі-дәрмектерді есептен шығаруған 2 872 жағдай белгілі болды. Балалар ауруханасында осындай 179 жағдай анықталды: 88 мың бірлік дәрі-дәрмек есептен шығарылды, бұл ретте пациенттер стационарда 1 күнге жетпейтін уақыт қана болған (Астана қаласы) және тағы басқа деректер бар.
Айта берсе, осындай деректер көп. Халықтың қалтасынан төлейтін қаражат әлдекімдер үшін майшелпекке айналған. Бұл осы мәселеге тікелей жауапты органдар қаражаттың тек халықтың игілігіне жұмсалуына бақылауды күшейтетін күн туғанын көрсетеді.