Жанәбіловтің әйелі соңғы сөзінде судьяға өтініш айтты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қоғамдық пікір: жұрт саяси жүйеге қаншалықты сенім артады?

Қоғамдық пікір: жұрт саяси жүйеге қаншалықты сенім артады?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

"MediaNet" халықаралық журналистика орталығы жанындағы Demoscope қоғамдық қоры кезекті сауалнама нәтижесін жариялады.

Сауалнама қазақстандықтардың қоғамдық сенімі туралы мәселелерді қамтыған екен. Ел пікірін зерттеу биылғы 24 ақпан мен 6 наурыз аралығында өтіп, оған 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 1100 тұрғын қатысқан.

Сауалнамаға қатысушылардың 47,4 пайызы ерлер, 52,6 пайызы әйелдер екен. Олардың 65,8 пайызы қазақ тілінде, 34,2 пайызы орыс тілінде жауап берген көрінеді. Жалпы респонденттердің 76 пайызы қазақ, 12,2 пайызы орыс, 11,3 пайызы өзге этнос өкілдерінен тұрады. Сондай-ақ, олардың 68,4 пайызы қалада, 31,4 пайызы ауылда тұратындарын айтқан.

 Енді осы сауалнама негізінде анықталған қоғамдық пікірдің бірнеше бағытына тоқталсақ.

Жалпы, сауалнама қорытындысына сәйкес қазіргі қазақ қоғамында бір-біріне қарама-қайшы, бірақ, шын мәнінде өзара тығыз байланысты екі үрдіс қатар жүріп жатқанын аңғаруға болады. Яғни, адамдардың саяси жүйеге деген сенімі бар, алайда, қоғам тарапынан жүйелі өзгерістерге деген сұраныс өте жоғары екен.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қазақстандықтардың 85,4 пайызы осы сәтте елге өзгеріс қажет деп санайды. Оның ішінде 71,6 пайызы түбегейлі реформаларды күтеді екен. Салыстырмалы түрде алғанда бұл көңіл күй аздап өзгергені де білінеді. Мысалы, 2023 жылы өзгерісті қалайтындардың үлесі 89,9 пайыз болса, қазір ол көрсеткіш 85,4 пайызды құрайды.

Таратып айтсақ, қазақстандықтардың билік институттарына деген сенімі тұрақты деңгейде деуге болады. Мысалы, елдің Президентке сенімі 61,3 пайыз, әкімдіктерге сенімі 50,2 пайыз және Үкіметке сенімі 47,4 пайыз шамасында анықталған. Әлбетте, деректерде ауытқушылық бар. Респонденттердің бұл жолғы жауабы мен 2023 жылғы жауабын салыстырғанда Президентке деген сенім үлесі төмендегені байқалады екен. Мәселен, бұрын сенім шкаласы 69,4 пайыз болса, осы жолы 61,3 пайызды көрсеткен. 

Сондай-ақ, Demoscope орталығы жүргізген зерттеу қоғамда цензура күшейгенін де білдіретіндей. Респонденттердің 56,1 пайызы билікті ашық сынаудан қорқады екен. Тек 9,8 пайызы ғана бұл тақырыпта ешқандай шектеу мен қорқыныш жоқ деп есептейді-мыс.

Айтпақшы, дәл осы 9,8 пайыздың арасында Президентке деген сенім жоғары екен. Яғни, қоғамда цензура жоқ деп санайтындардың арасында Президент саясатына сенім артатындардың үлесі 83,2 пайызды көрсетіпті. Керісінше, саяси тақырыпты талқылаудан тартынатындардың 56,1 пайызы мемлекеттегі бірінші тұлғаға немқұрайлы көзқараста екен. 

Жалпы, саяси сенімге қатысты үміт пен күмәннің аражігі адамдардың жас айырмашылығына қатысты да байқалады. Мысалы, 18–29 жас аралығындағы азаматтар билікке көбірек сенеді екен. Оның ішінде Президентке сенетіндер 72,5 пайыз, Үкіметке сенетіндер 59,4 пайыз болып отыр. Ал 50–59 жастағы адамдардың саяси жүйеге деген сенімі айтарлықтай төмен екен. Дерекке қарасақ, олардың 51,2 пайызы ғана Президентке және 35,4 пайызы Үкіметке сенім артатындардың қатарында тұр.

Мұнан бөлек, азаматтардың билікке ықпал ету мүмкіндігі туралы пікірлері тең түсіпті. Респонденттердің 47 пайызы саяси жүйеге ықпал ете алмаймыз деген көңіл күйде жүрсе, 46,3 пайыз "билік бізбен санасады" деген сенімде екен.

Айтпақшы, қазақ қоғамы "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасына барынша үміт артатындарын тағы да байқатқан. Осы жолы сауалнамаға қатысушылардың 55,6 пайызы бұл тұжырымдамаға сенім артса, 33,8 пайызы оның нәтижесі жоқ деген пікірде екен.

Тоқетерін айтқанда, қазіргі қазақ қоғамы саяси жүйе мен атқарушы билікке толық қарсы емес, бірақ, қазіргі істеліп жатқан жүйелі жұмыстарға толық қанағаттанбайды деген пайым айқындалады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.