Бұл қылмыстық топ шетелдіктерге қашықтан ЖСН таратып келген
Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласындағы департаменті шетел азаматтарына заңсыз ЖСН беріп келген схеманы анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды kznews.kz.
Негізінде, заңға сай, шетел азаматтары Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алғысы келсе, Қазақстанға келіп, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек еді.
«Алайда 2024–2025 жылдары өтініш берушілер елге келмесе де оларға ЖСН рәсімдеуге заңсыз көмектесетін қылмыстық схема пайда болған. Схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желідегі арна пайдаланылып, сол арқылы ЖСН-ды қашықтан алуға мүдделі шетел азаматтары іздестіріліп, тартылған. Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тартылған. Олар ХҚКО ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, ЖСН алуға қатысты жалған өтінімдер рәсімдеген», - деп хабарлайды ҚМА.
Заңсыз сыйақы делдалдар арқылы банк аударымдары түрінде беріліп, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.