Иран футболшылары АҚШ-қа «168» деген ерекше сыймен келді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісінің куәлігі жәбірленушілердің өтінішімен кейінге қалды

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісінің куәлігі жәбірленушілердің өтінішімен кейінге қалды
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотталушыдан жауап алу жоспарланған еді. Алайда отырыс жәбірленуші тараптың өтінішімен кейінге қалдырылды. Өйткені жәбірленуші тараптың, яғни Mercedes жүргізушісінің отбасы жаңа адвокат жалдаған. Енді олардың мүддесін Гүлмира Бабажанова қорғайды, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот отырысы бастала салысымен, жәбірленуші тараптың, нақтырақ айтқанда, қаза тапқан Mercedes жүргізушісінің отбасының жаңа адвокаты істі қарауды кейінге қалдыруды сұрады. Ол іс материалдарымен танысу үшін уақыт қажет екенін айтты. Прокурор мен қорғаушы тарап бұл өтінішке қарсылық білдірген жоқ. Гүлмира Бабажанова іске адвокат Олег Черновтың орнына кірісті.

“Бұл қылмыстық іске қатысу туралы келісім бүгін ғана жасалды. Осыған байланысты іс материалдарымен танысып, жәбірленуші тараптың ұстанымын анықтау үшін уақыт қажет”, – деді Бабажанова сотта.

Бұған дейін жәбірленуші тараптың Олег Черновтың қызметінен бас тартқаны белгілі болған еді. Бұл туралы заңгер Анна Чернова Instagram парақшасында хабарлады.

Келесі сот отырысы дүйсенбі, 15 маусымда өтеді.

Сотталушы сотқа жеткізілді

Бүгінгі отырысқа бұған дейін сотқа онлайн қосылып жүрген сотталушы жеткізілді. Бүгін ол жауап беруі керек болған. Сондай-ақ осы отырыста тағы бір куәгерден жауап алу жоспарланған еді.

Еске салайық, бұған дейін сотталушының қорғаушысы оның денсаулық жағдайын алға тартып, сот отырыстарына қашықтан қатысуына рұқсат беруді сұраған. Ал судья бұл өтінішті ішінара қанағаттандырды.

Сот шешіміне сәйкес, сотталушы кей отырыстарға бейнебайланыс арқылы қатыса алады. Алайда жауап беру кезінде және тараптардың жарыссөзі барысында сот залына өзі келуге міндетті.

“Қорғаушының сотталушыны сот отырысына бейнеконференцбайланыс арқылы қатыстыру туралы өтініші ішінара қанағаттандырылсын. Сотталушы жауап беру кезінде және тараптардың жарыссөзінде офлайн форматта қатысуы қажет”, – деп қаулы еткен еді төрағалық етуші судья.

Жеке деректер жарияланбайды

Сот барысында сотталушы тарап та, жәбірленушілер тарапы да БАҚ өкілдерінен процеске қатысушылардың жеке деректері мен суреттерін жарияламауды сұраған. Судья Қазақстанның азаматтық заңнамасындағы нормаларға сілтеме жасап, бұл өтінішті қолдады.

Сондай-ақ бұған дейін судья сотталушыға алқабилер сотын таңдау құқығын түсіндірген. Алайда ол бұл мүмкіндіктен бас тартты. Осыған байланысты қылмыстық істі төрағалық етуші судья жеке өзі қарап жатыр.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.

Автор
Торғын Абушахман

Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.