Экономика

Қазақстан Chevron-мен Теңіздің болашағы туралы келіссөзді бастады: Нені назарда ұстауымыз керек?

Асқар Алтайұлы Асқар Алтайұлы
Қазақстан Chevron-мен Теңіздің болашағы туралы келіссөзді бастады: Нені назарда ұстауымыз керек?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Қазақстанның ең ірі мұнай активтерінің бірі – Теңіз кен орны алдағы жылдары шешуші кезеңге аяқ басқалы тұр. Қазақстан билігі мен Chevron Теңізді игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту мәселесі бойынша алдын ала келіссөздерді бастады. Бұл туралы New York Times басылымы алғашқылардың бірі болып хабарлады.

Қазіргі келісім 2033 жылы аяқталады, ал бұл – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар келісімдерді қайта қарауға нақты мүмкіндік.

Себебі 1993 жылы жасалған алғашқы келісімде соңғы сөз америкалық компанияның еншісінде болды. Өйткені жас мемлекетте біріншіден бұл саланы бес саусағындай білетін маман тапшы болатын, екіншіден Қазақстан қаншалықты қауіпсіз мемлекетке айналатынын батыс елдері білмейтін. Сондықтан ірі көлемдегі инвестицияны қайткен күнде де Қазақстанға кіргізу үшін үкімет уәдені үйіп-төгіп беріп, олардың айтқанына бас шұлғыды десек те болады.

Теңіз – жай ғана кен орны емес. Ол Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді және тәулігіне бір миллион баррельге жуық мұнай береді. Chevron Теңізді кеңейту жобасына 48 млрд доллар салды. Бұл – әлемдік мұнай-газ саласындағы ең ауқымды инвестициялық жобалардың бірі. Компания өкілдерінің айтуынша, кен орнының әлеуеті әлі толық игерілген жоқ.

CHEVRON КЕТСЕ, НЕ БОЛАДЫ?

Сарапшылардың басым бөлігі Chevron-ның Теңізден кетуі өндірістің төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Себеп – тек қаржы емес, басқару мен технология. Жоғары білікті инженерлерді, менеджмент жүйесін Қазақстан әлі де толыққанды алмастыра алмайды.

S&P Global Commodity Insights сарапшысы Мэтью Сэйджерстің айтуынша, мәселе бір кен орнының тағдырында емес, тұтас бір экономикалық сегменттің өнімділігінде тұр.

Chevron технология мен маман тапшылығының төмендігін сылтауратып, өзіне тиімді келісімшарт талап етуі мүмкін. Егер бұл тәсіл өтпесе, онда тасымалдағы қауіпсіздікті де алдыға тартатыны сөзсіз. Ресей мен Украина арасындағы шиеленісте Қазақстанның Новороссийск арқылы өтетін басты мұнай құбыры – Каспий құбыр консорциумының (КТК) бірнеше мәрте тұралап қалғаны бар. Ал баламалы жолдар мұншама мұнайды үшінші елдерге жеткізе алмайтыны түсінікті.

Демек Қазақ үкіметі жеті рет өлшеп, бір рет кесетін кезде инвестордың да мүддесін ойлайтыны сөзсіз. Десе де ұлт мүддесі бірінші орында тұруы тиіс екенін ұмытпағаны абзал.

Сонымен қатар, Қазақстан ОПЕК+ аясында өндіріс квотасын асырып отыр деген сынға жиі ұшырап келеді. Бұл да алдағы келіссөздерде қосымша қысым факторы болуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН НЕНІ ТАЛАП ЕТУІ КЕРЕК?

Дәл осы кезеңде Қазақстан тек келісімді ұзартумен шектелмеуі тиіс. Келіссөздер ел мүддесіне қызмет етуі керек.

Біріншіден, қазақстандық мамандардың үлесін арттыру – негізгі талаптардың бірі болуы қажет. Әсіресе басқару, инженерлік және технологиялық шешім қабылдайтын деңгейде отандық кадрлар көрініс табуы тиіс.

Екіншіден, мемлекет өз үлесінің тиімді пайдаланылуын қадағалауы керек. Теңізден түсетін табыс тек макроэкономикалық көрсеткіштерде емес, нақты әлеуметтік бағытта – инфрақұрылым, білім, медицина, өңірлік даму арқылы сезілуі тиіс.

Үшіншіден, салық және табыс бөлу шарттары ұзақ мерзімді ұлттық мүддеге сай қайта қаралуы қажет. Мұнай – сарқылатын ресурс. Оның пайдасы болашақ ұрпақ үшін нақты активке айналуы тиіс.

2025 жыл Қазақстан мұнай саласының осал тұстарын ашық көрсетті. КТК-дағы іркілістер, салық реформалары, стратегиялық активтердің жабық түрде жеке бизнеске берілуі – мұның бәрі мемлекет рөлінің әлсіреп кеткенін байқатады.

Алдағы жылдары Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты алып жобалар бойынша қабылданатын шешімдер Қазақстанның экономикалық бағытын ондаған жылға айқындайды.

Қорыта айтқанда Chevron-мен келіссөз – бұл қауіп емес, керісінше мүмкіндік. Бірақ ол мүмкіндік тек батыл әрі прагматикалық ұстаным болғанда ғана жүзеге асады. Қазақстан шикізат иесі ғана емес, толыққанды серіктес екенін дәлелдеуі керек.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz