Әлемдік геосаясатта сирек кездесетін сәттер болады. Кейде мемлекеттің халықаралық аренадағы салмағын дипломатиялық шешімдермен тосыннан түскен мүмкіндіктер арттырып жібереді. Қазір дәл сондай жағдай Қазақстанның алдына келіп тұрған секілд, деп хабарлайды kznews.kz.
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси АҚШ пен Иран ядролық бағдарлама бойынша келісімге келген жағдайда, Тегеранның жоғары байытылған уранын Қазақстанда уақытша сақтауға болады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай мәселені «ізгі ниет аясында» қарастыруға дайын екенін білдірген.
Мұндай мәлімдемеге Қазақстандағы МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі де қосымша негіз береді. Айта кетейік, Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты аумағында орналасқан бұл нысан 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді және халықаралық агенттіктің бақылауында. Оның негізгі мақсаты – бейбіт атом энергетикасы үшін отын жеткізілімінің кепілдік қорын қалыптастыру және ядролық қарудың таралу тәуекелдерін азайту. Сондықтан Рафаэль Гроссидің Қазақстанды ықтимал сақтау алаңы ретінде атауы кездейсоқ шешім емес. МАГАТЭ басшысы Қазақстанда мұндай материалды қауіпсіз сақтауға қажетті инфрақұрылым мен тәжірибе бар екенін ашық айтты.
Бір есептен бұл Қазақстанның бұрыннан ұстанып келе жатқан ядролық қарусыздану саясатының логикалық жалғасы іспетті көрінеді. Семей полигонын жапқан, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан және Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін орналастырған ел үшін мұндай рөл табиғи көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жолы мәселе әлдеқайда күрделі.
Өйткені әңгіме бейбіт атом энергетикасынаарналған төмен байытылған уран туралы емес. Сөз Иранның шамамен 440 килограмм, 60 пайызға дейін байытылған ураны жөнінде болып отыр. Бұлкөрсеткіш азаматтық атом энергетикасындақолданылатын 3-5 пайыздық байыту деңгейінен бірнеше есе жоғары. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай материал қысқа уақыт ішінде90 пайыздық деңгейге дейін байытылып, бірнешеядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін.
Бұл ұсыныстың пайда болуының өзі қазіргі ТаяуШығыстағы күрделі жағдаймен байланысты. АҚШпен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары, кейін басталған келіссөздер және Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты даулар Вашингтонды жаңа шешім іздеуге мәжбүр етті. Дональд Трамп әкімшілігі Иранның қолындағы жоғары байытылған уранның толық шығарылуын талап етіп, табан тіреп отыр. Ал, Иран тарапы оны жоюға қарсы болғанымен, үшінші мемлекетке беруді талқылауға дайын екенін білдірді. Бұл тұрғыда Ресей мен Қытай да ықтимал сақтау алаңы ретінде аталды, бірақ Вашингтон бұл нұсқаларды қолдаған жоқ. Дональд Трамп жаңа келісім аясында Ресей мен Қытайдың ирандық уранды сақтауына қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеді. Оның пікірінше, жоғары байытылған уран не АҚШ-қа берілуі, не жойылуы тиіс. Тіпті болмаса халықаралық бақылаудағы үшінші елге орналастырылады. Қазақстан дәл осы жерде компромистік шешім ретінде көрінеді. Екінші жағынан, Иран үшін де ашық қарсылас мемлекет саналмайды.
Кездейсоқ таңдау емес әрине. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірін мұраға алғанымен, шамамен 1400 ядролық оқтұмсықтан өз еркімен бас тартып, 1995 жылға қарай толықтай ядролық қарусыз мемлекетке айналды. Семей полигонының жабылуы мен ядролық қарудан бас тарту Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастырған шешімдердің бірі болды.
Дәл қазіргі геосаяси ахуал аясындағы мүмкіндікті Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де жоққа шығармайды. СІМ ресми өкілі Ерлан ЖетібаевБАҚ-на Астана халықаралық келісімдер жасалған жағдайда техникалық көмек көрсетуге дайынекенін айтты.
«Біз барлық тараптар арасында қажетті халықаралық келісімдерге қол жеткізілген жағдайда техникалық көмек көрсетуге дайын екенімізді көрсетіп отырмыз», – деді ол.
Қазақстанның ықтимал сақтау алаңы ретінде қарастырылуының тағы бір себебі – Вашингтонның Ресей мен Қытайға сенімсіздігі. Бұған дейін Иран халықаралық ядролық келісім аясында мұндай тәжірибеден өткен. 2015 жылғы Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары (JCPOA) бойынша Тегеран шамамен 11 тонна төмен байытылған уранды Ресейге жіберіп, оның орнына табиғи уран алған болатын. Бұл келісім Иранның ядролық бағдарламасын бақылауға бағытталған негізгі тетіктердің бірі саналды. Алайда кейін Дональд Трамп АҚШ-ты бұл келісімнен шығарып, Тегеранға қарсы қысымды қайта күшейтті. Бүгінде Вашингтон Мәскеу мен Бейжіңнің жаңа мәміледе сақтаушы рөл атқаруына қарсы. Сондықтан бұрын Ресей орындаған функцияға енді Қазақстан үміткер болып отыр.
Егер келісім жүзеге асса, Астана халықаралық қауіпсіздік архитектурасының маңызды буынына айналады. Соңғы онжылдықта Қазақстан өзін келіссөз алаңы ретінде қалыптастыруға тырысып келеді. Астана процесі, Сирия келіссөздері және түрлі халықаралық форумдар осы саясаттың бір бөлігі болды. Бірақ Иран мәселесі мүлде басқа деңгейдегі оқиға. Бұл жағдайда Қазақстан тек кездесу өткізетін мемлекет емес, әлемдік қауіпсіздік жүйесінің нақты элементіне айналмақ. Бұдан бөлек, мұндай қадам Қазақстанның халықаралық беделін күшейтеді және оны бейтарап әрі сенімді әріптес ретінде көрсетеді.
Алайда мәселенің екінші жағы әлдеқайда күрделі.Қазақстан бүгінге дейін төмен байытылған уран банкін қауіпсіз сақтап келеді. Бірақ жоғары байытылған ирандық уран мүлде басқа деңгейдегі жауапкершілік жүктейді. Мұндай материалды сақтау ерекше қауіпсіздік режимін, күрделі инженерлік инфрақұрылымды және үздіксіз халықаралық бақылауды талап етеді. Кез келген техникалық ақау, кибершабуыл немесе қауіпсіздік жүйесіндегі осалдық Қазақстанның халықаралық беделіне ауыр соққы болуы мүмкін.
Бұдан да маңыздысы – геосаяси қауіп. Қазір Иран мен Израиль арасындағы текетірес толық аяқталған жоқ. Сарапшылар қазіргі жағдайды уақытша үзіліс деп бағалайды. Егер болашақта жаңа әскери шиеленіс басталса, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кез келген нысан қарсы тараптардың назарында болады. Теориялық тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы сақтау орны да осындай тәуекел аймағына енуі мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанның көпвекторлы саясатына тіреледі. Соңғы жылдарыАстана Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропаарасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеді. Ал Иран ураны мәселесі бұл баланстыкүрделендіруі мүмкін. Себебі Ресей де, Қытай да бастапқыда осы материалды өз аумағында сақтауға дайын екенін білдірген. Егер Қазақстан АҚШ қолдайтын нұсқаға айналса, бұл көршілердің реакциясын туғызуы ықтимал.
Сонымен бірге бұл мәселенің энергетикалық өлшемі де бар. Иран төңірегіндегі тұрақсыздық ұзаққа созылса, оның салдары тек ядролық қауіпсіздікпен шектелмейді. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай экспортының шамамен бестен біріөтеді. Сондықтан келіссөздердің сәтсіз аяқталуы әлемдік мұнай нарығына, логистикалық бағыттарға және жаһандық инфляцияға әсер етуі мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның ықтимал миссиясытек уран сақтау мәселесі емес, халықаралық энергетикалық тұрақтылыққа жанама үлес қосу әрекеті ретінде де қарастырылады.
Сондықтан Астана бұл процесті қауіпсіздік кепілдіктерімен, инвестициялық және технологиялық артықшылықтармен ұштастыра алса, онда Қазақстан алғаш рет жаһандық ядролық қауіпсіздік жүйесінде формалды қатысушы емес, нақты ойыншы ретінде көрінуі ықтимал.
Қысқасы, Қазақстан алдында таңдау тұр. Біржағында – халықаралық бедел мен жаңа геосаясимүмкіндік, екінші жағында – қауіпсіздік пен үлкен державалардың бәсекесінен туындайтынтәуекелдер. Сол себепті бүгінгі басты мәселе Иран уранының қайда сақталатынында емес, Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті нақты ұлттық мүддеге айналдыра ала ма?! Үлкен сауал.
Ұлағат Базар