Қоғам

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: бағдарлама нәтиже берді ме, әлде дағдарысқа ұшырады ма?

Торғын Абушахман Торғын Абушахман
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: бағдарлама нәтиже берді ме, әлде дағдарысқа ұшырады ма?
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы қоғамда қызу талқыға түсіп отыр. Бір тарап бұл бастаманы демографиялық және еңбек ресурстарын теңгерудің маңызды құралы десе, екінші тарап бағдарламаның күткен нәтижені бермегенін алға тартады, деп хабарлайды kznews.kz.

Ғалымдар мен сарапшылардың бір бөлігі солтүстік өңірлердегі халық санының азаю үрдісі әлі де тоқтамағанын айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Зерттеу жетекшісі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Қайрат Бодаухан бағдарламаның сәтсіз болуына бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Оның пікірінше, солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтардың мамандығы жергілікті еңбек нарығының сұранысына сай келмеген.

«Көбіне оңтүстіктен жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар көшті. Бірақ солтүстікте оларға сұраныс болмады. Климаттың қаталдығы мен менталитет айырмашылығы да бейімделуге кедергі келтірді. Солтүстікте қыс алты айға созылады, бұл оңтүстіктің тұрғындары үшін үлкен сынақ», – дейді профессор.

Ғалымдардың дерегінше, солтүстік облыстарда көші-қон сальдосы әлі де теріс. Мысалы, жыл сайын 10 мың адам келсе, шамамен 18 мың адам өңірден көшіп кетеді. Демографиялық болжамдарға сәйкес, 2050 жылға қарай солтүстік аймақтардағы халық саны 30 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.

Алайда ресми статистика бағдарламаның белгілі бір деңгейде нәтиже бергенін көрсетеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру басталғалы бері солтүстік өңірлерге 66,2 мың адам қоныс аударған. Оның ішінде 3,6 мың адам немесе 6 пайызы ғана бұрынғы өңіріне қайта оралған.

Министрлік бұл көрсеткіш бағдарламаның толықтай сәтсіз еместігін білдіреді деп есептейді. Сонымен қатар көші-қон саясатының арқасында халқы азайып жатқан өңірлердегі теріс миграциялық сальдо 2019 жылмен салыстырғанда 36 пайызға қысқарған. Абсолютті көрсеткіште бұл – халықтың кету деңгейі 53 мыңнан 34 мың адамға дейін төмендегенін білдіреді.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай мәселені түбегейлі шешу үшін көшіруге емес, өңірлердің өзіне инвестиция салу қажет екенін айтады. Оның пікірінше, солтүстік облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, жоғары оқу орындарын құру маңызды.

«Түркістанды дамыту кезінде ішкі миграцияның баяулағанын көрдік. Болашағы бар, келбеті жаңарған қалаға жастар өздері-ақ келеді. Солтүстікте де бір қалаға саяси және экономикалық маңыз беріп, ірі жобаны іске қосу керек», – деді депутат.

Сарапшылардың ортақ пікірі — қоныс аудару бағдарламасы мүлде тиімсіз емес, алайда оны жетілдіру қажет. Жұмыс орындарының нақты сұранысына сай кадр дайындау, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй, білім және медицина сапасын арттыру – басты міндеттердің қатарында.

Осылайша, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару саясаты Қазақстан үшін стратегиялық маңызын сақтап отыр. Бірақ демографиялық тепе-теңдікке қол жеткізу үшін тек адамдарды көшіру жеткіліксіз. Өңірлерді өмір сүруге тартымды ету – ұзақ мерзімді әрі нәтижелі шешім болмақ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz